Accessibility links

Ақбұлақтағы атыс: Күдікті бұлтартпау шарасы бойынша сотты жабық өткізуді сұрады


Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ақбұлақтағы атыс бойынша күдікті деп танылған Игорь Дужновқа бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін қарап, оны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.

Informburo сайтының жазуынша, Игорь Дужнов пен адвокаттары сотты жабық өткізуді сұраған. Олар мұны күдікті мен оның отбасының қауіпсіздігімен байланыстырған.

Судья Жанәбіл Ақынов сотты жабық өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмаған (Бірақ кейін судьяның журналистерге сотты бақылауға рұқсат бергенмен прокурордан рұқсат сұрауды міндеттегені хабарланды). Бұдан соң адвокат судьяны ауыстыру туралы өтініш түсірген.

"Не себепті осындай шешім қабылдағаныңызды түсінбеймін. Менің ойымша, сіз істің қаралуына тікелей, жанама түрде мүдделісіз. Осыған орай сізге қарсылық білдіремін" деді адвокат.

Судья Жанәбіл Ақынов адвокаттан өтінішті жазбаша беруді сұраған. Кейін бұл өтініштің орындалмағаны белгілі болды.

Сот отырысы кезінде Игорь Дужнов жасаған ісіне өкінетінін айтып, "үйімді, отбасым мен балаларымды қорғаймын деп жүріп, қатты күйзеліп бұлай істегенімді өзім де білмей қалдым. Соған өкінемін" деп айтқан.

Қорғау тарабы оны үйқамақта қалдыруды сұрағанмен сот оны екі айға қамады.

Игорь Дужновтың адвокаты Дамир Хасанов Informburo сайтына "іс бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметіне берілді, істі солар тергейді. Қазір Дужнов тергеу изоляторында, шағымдары жоқ" деп айтқан.

Ашық дереккөздеріне қарағанда, 20 қыркүйекте Алматы түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында Игорь Дужнов үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза болған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық кодексте "Адам өлтіру" бабы бойынша 15-20 жыл немесе өмірлік түрме жазасы қарастырылған.

Видео: Бес адам қаза болған атыстың анық-қанығы (21 қыркүйек 2021 жыл).

Бес адам қаза болған атыстың анық-қанығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

Дужновтың әйелі 22 қыркүйекте журналистерге "Банк Центр кредит" бес баласымен тұрып жатқан үйін бастапқы құнынан бес есеге төмендетіп сатып жібергенін айтқан. Ал оқиғадан кейін мәлімдеме таратқан банк отбасыны үйінен күштеп шығару туралы шешімге қатысы жоғын, даудың екі азамат арасында туындағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG