Accessibility links

Нұр-Сұлтан полициясы Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүргендерді ұстады


Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген адамдар Нұр-Сұлтандағы БҰҰ өкілдігінің алдында тұр. 23 қыркүйек 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген адамдар Нұр-Сұлтандағы БҰҰ өкілдігінің алдында тұр. 23 қыркүйек 2021 жыл.

Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында жиналып, Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген он шақты адамды 23 қыркүйек кешкісін полиция ұстап әкетті. Бұл туралы белсенді, Шыңжаңда бауыры қалған Байболат Күнболатұлы Facebook парақшасындағы тікелей эфирде айтты. Күнболатұлы желіге тікелей эфирге шығып тұрғанда полицей келіп ұстап әкетті.

Ол бір минуттық видеосында "апаларымыздың бәрін ұстап әкетіп жатыр, барлығын ұстап әкетті, қайда әкеткені белгісіз" дейді. Видеода елшілік алдынан кетіп бара жатқан бірнеше автозак пен полиция көлігі байқалады.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері Азаттыққа бұл ұстау жайлы білмейтінін, кейін анықтайтынын айтты.

Қытай Шыңжаңдағы туыстарымызды Қазақстанға жібермей отыр деген он шақты адам осы аптаның басынан бері Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігіне келіп, елші Чжан Сяоның шығуын талап етіп жүр. Олар 22 қыркүйекте елшілік алдында ұзақ тұрып, кешкісін "күн суық болғандықтан" тараған. Наразылық танытып жүргендердің басым бөлігі - зейнет жасындағы әйелдер.

Бүгін, 23 қыркүйекте олар Нұр-Сұлтандағы БҰҰ өкілдігіне барып, ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриштің атына хат тапсырды. Осы шара кезінде қалалық прокуратура өкілі келіп, оларға "бұл шараларының заңсыз екенін" айтып тарауды талап етті (Қазақстанда бейбіт митинг өткізу үшін билікке ескертіп, рұқсат алу керек). Кейін наразылар Қытай елшілігіне барды.

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер наразылық акцияларын Алматы қаласында бастаған. Олар 200 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Пекиннен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар кей күндері консулдық алдында түнеген еді.

Қытай консулдығы алдындағы 200 күн. Наразылар далада түнеп шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:32 0:00

Осы шара кезінде полиция оларды бірнеше рет ұстап, айыппұлмен жазалаған еді. Байболат Күнболатұлы бірнеше рет 10-15 күнге әкімшілік қамауға алынған.

Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы акция кезінде наразыларға консулдықтан ешкім шықпаған еді.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп сипаттайды. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG