Accessibility links

Арыстағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындар үкімет пен әскери бөлімнен өтемақы талап етті


Шымкенттегі әскери сот. Көрнекі сурет.
Шымкенттегі әскери сот. Көрнекі сурет.

Түркістан облысында Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың шағымына байланысты алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Бұған дейін шағым иелері жарылысқа байланысты сотталғандардан, үкімет пен әскери бөлімнен материалдық, моральдық шығын өндіріп беруді талап етіп, арызданған. Сот істі тіркеп, алдын ала тыңдауды белгілеген. 23 қыркүйекте кезекті сот тыңдауы болды.

Арыс қалалық сотының судьясы Сауран Омаровтың Азаттыққа айтуынша, жарылысқа байланысты 10 жылға дейін сотталған 16 адамға шыққан үкім күшіне енбеген соң әлі сот талқылауы басталмаған. Ұжымдық арызды 19 адам жазған. Олар жауапкер ретінде сотталған 16 адаммен бірге Қазақстан үкіметі және жарылыс болған №44859 әскери бөлімді атап, материалдық, моральдық шығын өндіріп беруді сұраған.

Арызданушылардың қорғаушысы Бақытжан Әлімбековтің сөзінше, тұрғындар жарылыстан зақымданған дүние-мүлкін өтеуді талап етіп парламентке дейін барған. Бірақ нәтиже болмаған. Арыз жазғандардың көбінің үйі апатты жағдайда тұр. Мүлкі жарамсыз болып қалған. Кейбірінің денсаулығы сыр берген. Шағым иелері соттан әрқайсысына 3 миллион теңге – моральдық, 835 мың теңге 50 миллион теңгеге дейін материалдық шығын өндіріп беруді сұрап отыр.

- Кеше, 23 қыркүйекте судья үкіметтің іс бойынша жазған пікірін оқыды. Үкімет бұл іске біздің қатысымыз жоқ депті. Біздіңше, жарылысқа үкімет те жауапты, - дейді қорғаушы.

Арыз сотқа 23 тамызда түскен. Судья алғашқы сот тыңдауын 6 қыркүйекке белгілеген.

26 шілдеде Шымкент гарнизоны соты Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында 2019 жылы болған жарылысқа қатысты айыпталған 16 адамға үкім шығарды. Сотталушылардың 12-сі 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды. Төртеуіне 4 жылдан 7 жылға дейін шартты жаза тағайындалды.

Олар Қылмыстық кодекстің "Қызметке салғырт қарау" және "Қару-жарақпен, оқ-дәрімен, радиоактивті материалдармен, жарылғыш немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу", "Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" баптары бойынша кінәлі деп танылды.

2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қаза тапқан. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды.

Бұған дейін қала әкімдігі жарылыстан зақымданған 8 мыңнан аса үй жөндеуден өткенін, 5 жүзге жуық үй жаңадан салынғанын айтқан. Бірақ бұған дейін кейбір тұрғындар әлі күнге үйінің жөнделмегеніне, бүлінген кәсіпкерлік нысанына өтемақы берілмегеніне шағынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG