Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қыркүйекте Алматыдағы атыс кезінде қаза болған екі полицей мен сот орындаушысын марапаттады. Арнайы жарлық 25 қыркүйекте "Ақорда" сайтында жарияланды.
Алатау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Нұрбол Байғазиев пен Дархан Сүлеев – 2-дәрежелі "Айбын" орденімен, жеке сот орындаушылары республикалық палатасының мүшесі Мұрат Әбенов "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Жарлық күшіне енген.
20 қыркүйекте Алматы түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында Игорь Дужнов есімді ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза болған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
Полицияның айтуынша, Дархан Сүлеевтің артында кәмелетке толмаған бес баласы, Нұрбол Байғазиевтің артында екі баласы қалған.
ПІКІРЛЕР