Accessibility links

Қазақстанның бірнеше ауылында әкім сайланып жатыр


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Бүгін Ақмола облысының Қараөткел ауылдық округі мен Алматы облысының Кеген ауданы, Кеген ауылдық округтерінің әкімі сайланып жатыр.

- Кеген ауылдық округінің әкімдігіне 3 кандидат түсті. Бір кандидатты "Нұр Отан" партиясы ұсынды, екі кандидат өзін-өзі ұсынған. Сағат 16-ға дейін сайлаушылардың 17 пайызы ғана дауыс берді. Бұл - аз көрсеткіш. Кешке қарай бұрмалау басталып кете ме деп қауіптеніп, қатаң бақылап отырмыз,-дейді өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірінің сенімді өкілі Мақпал Шадан Азаттық тілшісіне.

Кеген ауылы әкімі сайлауы жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жариялап отырған Мақпал Шаданның сөзінше, сайлау учаскелеріне республикалық қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз бақылаушылар келмеген.

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінің Азаттыққа айтуынша, Қазақстанның қанша ауылдық округінде сайлау өтіп жатқанын облыстық сайлау комиссиялары біледі.

Азаттық тілшісі онға жуық облыстық сайлау комиссияларының басшыларымен сөйлесті. Кей облыс әкімдіктерінің сайтындағы деректерге қарағанда, бірнеше ауыл әкімдері 19 қыркүйекте сайланған, ал кей сайлау комиссиялары ауыл әкімдері алдағы қазан және қараша айларында сайланатынын хабарлады. Бұған дейін Қазақстан билігі өкілеті аяқталған ауыл әкімдері рет-ретімен сайлана беретінін айтқан.

Биыл 25 шілдеде Қазақстанда 700-ден астам ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланған. Бұрын ауыл әкімдерін аудан әкімінің ұсынуымен аудандық мәслихат депутаттары сайлап келген. Қазақстан билігі "ауыл әкімдерін сайлау – саяси реформаға жасалған қадамдардың бірі" деп санайды. Биыл шілдедегі әкімдер сайлауынан кейін бақылаушылар сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанын, сарапшылар кандидаттарға тең жағдай жасалмағанын, тәуелсіз кандидаттар түрлі кедергілерге ұшырағанын, ауыл әкімін сайлау саяси жүйеге әсер етпейтінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG