Accessibility links

"Заңсыздықты тоқтатыңыз!" Экс-министр Біртановтың бауыры Тоқаевқа үндеу жасады


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ағасы Ержан Біртанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, "заңсыздықты тоқтатуға" шақырды. Бұл туралы Informburo сайты хабарлады.

Ержан Біртанов президентке жолдаған үндеуінде бауырына тағылған айып жалған тұжырымдарға негізделгенін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұрайды.

Экс-министр Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын жарамсыз болса да қабылдап, "іске қосқаны үшін" айыпталған.

Аталған даулы платформаны Erikson Nikola Tesla (ENT) швед-хорват компаниясы қазақ үкіметінің тапсырысы бойынша әзірлеген. Ержан Біртановтың айтуынша, ақпараттық технология саласында жетекші орын алатын компанияның өніміне "күдік келтіріп", оны келісім-шарт талаптарын орындамады деп айыптау халықаралық дауға түрткі болуы мүмкін.

"Біртанов пен [экс-вице-министр Олжас] Әбішевке қозғалған қылмыстық іс "денсаулық сақтау министрлігі жарамсыз платформаны қабылдады" деген жалған тұжырымға негізделген. Қаржылық мониторинг агенттігінің болжамы бойынша, компания келісім-шартта көрсетілген міндеттерді орындамаған, ал ENT 2021 жылдың 5 қарашасына дейін жарамды келісім-шартқа сәйкес платформаны жүргізуді жалғастырып жатыр. ENT-нің міндетін дұрыс атқармағаны жайлы тұжырым олардың халықаралық сотқа жүгінуіне себеп болуы мүмкін" деді Ержан Біртанов 28 қыркүйек күнгі онлайн жиында.

Оның айтуынша, қылмыстық істің қозғалуы кезінде негізге алынған 2020 жылы 31 наурызда жасалған аудиторлық есепте платформаның келісім-шартқа сәйкес жасалғаны жазылған. 14 айға созылған тергеу кезінде тергеу орындары айыпталушылардың кінәсін дәлелдей алмай, істі қызметтік асыра пайдалану деген айыпқа ауыстырған. Ержан Біртанов тергеу орындарын жобаның мәні мен келісім-шарттың мазмұнын әдейі бұрмалады деп кінәлады.

Оның айтуынша, 2018 жылдың соңында денсаулық сақтау министрлігі платформаның жарамдылығына көз жеткізгеннен кейін оны қабылдаған. Келесі кезеңде өзге ведомстволар платформаны сыртқы ақпараттық жүйелермен интеграция жасауы тиіс болған. 2019-2020 жылы жүргізілген сынақтардың бір бөлігі сәтті аяқталған. Алайда 2020 жылы қаржылық мониторинг агенттігі платформа интеграциясын тоқтатып, цифрлау процесін кідіртті деді Ержан Біртанов.

2020 жылы 12 шілде мен 30 шілде аралығында ENT'ның сегіз маманы мен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері платформаны тексеріп, соған сай үкіметке платформаның жағдайы жөнінде есеп берілген. Оны енгізу жұмыстары 2020-22 жылдары жол картасында жалғасуы тиіс.

"Мұның барлығы платформа келісім-шартқа сәйкес тапсырылды деп толық тұжырымдауға мүмкіндік береді" деді Ержан Біртанов. Оның айтуынша, үкімет платформаны интеграциялау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

"Қазір шындық бұрмаланып жатыр. Үкімет платформаны енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр. ENT техникалық жағынан қызмет көрсетіп жатыр. Тек қаржы мониторинг агенттігі, тергеу амалдары, ұстау, Біртановты қамау – осылардың барлығы қоғамды "платформа жұмыс істемей тұр, ENT міндеттерін атқармай отыр" деп сендіруге тырысып жатыр" деді ол.

Бұған дейін Елжан Біртановтың өзі де тағылған айыптарды мойындамай, істі тоқтатуға шақырған.

Ал тергеу органдары Біртанов пен Әбішевтің әрекетінен мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келді деп санайды. Ericsson Nikola Tesla компаниясы өнімінің құны – 17,8 млн доллар.

Бұл іс бойынша тергеу амалдары 7 шілдеде аяқталған, істе 133 том бар. Жақында сот басталуы тиіс.

Бұған дейін Біртановтың 2020 жылы маусым айында "санитарлық авиацияны жеке мақсатқа пайдаланды" деген күдікке ілініп отырғаны да хабарланған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG