Accessibility links

"Талибан" Тәжікстаннан Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауды сұрады


Әбдісалам Ханафи
Әбдісалам Ханафи

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) құрған үкімет төрағасының орынбасары Тәжікстаннан Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауын сұрап, әйтпесе "түрлі жағдайлар болуы мүмкін" деп ескертті .

Тәжікстан билігі бұл мәлімдемеге әзірге жауап берген жоқ. Мұның алдында тәжік президенті Эмомали Рахмон "Тәжікстан Ауғанстанның ішкі ісіне араласпайды, алайда көрші елдегі жағдайды реттеу үшін инклюзив үкімет құрылуы керек" деп мәлімдеген.

"Талибан" қозғалысы құрған үкімет төрағасының орынбасары Әбдісалам Ханафи 26 қыркүйекте Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында билік Тәжікстаннан Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауын сұрайды деді. Ханафи Тәжікстанның нақты қай ісіне араласқанын айтпады, дегенмен ол президент Рахмонның тәліптерді бірнеше мәрте сынағанын меңзесе керек.

Al Jazeera телеарнасына берген сұқбатында Ханафи Ауғанстанның Тәжікстанмен қарым-қатынасы жақсы болғанын қалайтынын да айтты.

"Бір елдің көршісінің ішкі ісіне араласуы ешкімге абырой әпермейді. Әрбір әрекеттің салдары болады. Әркім өз үйінде тәртіп орнатқаны дұрыс болар еді" деп мәлімдеді ол.

Ауғанстанға көрші елдер тәліптермен байланыс орнатуға талпынып жатыр, тек Душанбе ғана Ауғанстандағы жаңа үкіметті мойындамайтынын ашық мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG