Accessibility links

Белсенді Бақтыбаевтың қазасы: Қазан айында апелляциялық сот ақтау үкімін қайта қарайды


Марқұм белсенді Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі Зәуре Бақтыбаева (оң жақта). Қарағанды облысы, мамыр 2019 жыл.
Марқұм белсенді Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі Зәуре Бақтыбаева (оң жақта). Қарағанды облысы, мамыр 2019 жыл.

Қарағанды облысында белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты айыпталып, ақталып шыққандардың үкімін апелляциялық сот 12 қазанда қарай бастайды. Апелляциялық шағымды жәбірленуші жақ – марқұмның әпкесі Зәуре Бақтыбаева мен екі сотталушы: Иман Мияшев пен Эльдар Жәкен түсірген.

Жәбірленуші жақ Мияшов, Бөкенаев және Ахметжановқа шыққан сот үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауды сұрап отыр. Тергеу органдары белсендіні өлтіру туралы тапсырысты Мияшев орындады деп санайды. Ал Бөкенаев пен Ахметжанов тапсырыс берген болуы мүмкін. Зәуре Бақтыбаева істі жаңа сот алқасы қарасын дейді. Оның пікірінше, бірінші инстанцияда қылмыстық-процессуалдық заң нормалары мен Жоғарғы соттың "Алқабилерді қатыстырып, қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы" қаулысы бұзылған.

— Кінәлілер табылып, бәрі дәлелденді емес пе. Ғалыны өлтіріп кетті, бірақ ешкім жазаланбады. Сот алқасы істің мән-жайына толық қанықпай, эмоцияға беріліп кетті деп санаймыз. Ақтау үкімінің күші жойылып, істі қайта қарайды деп үміттенеміз, — деді Зәуре Бақтыбаева Азаттық тілшісіне.

"Кісі өлтіруді ұйымдастырды" деп айыпталған сотталушыларға ұзақ жыл түрме жазасын сұраған прокуратура да сотқа үкімнің күшін жою туралы өтініш түсірген. Олар да сот істі қайта қарауы тиіс деп санайды.

Ал Бақтыбаевты ұрып-соқты деп айыпталған сотталушылар апелляциялық шағымда өздерін ақтауды сұраған. Олардың адвокаттары Азаттық тілшісіне жауап беруден бас тартты.

1 маусымда сот алқасы белсендінің өліміне қатысты айыпталған Атасу ауылының үш тұрғынын қылмысқа қатысы жоқ деп таныған. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспеген.

"Кісі өлтіруді ұйымдастырды" және осы қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын "белсендіні ұрып-соғуды тапсырды" деп айыпталған 42 жастағы бұрынғы полицей Ғалым Ахметжанов және 41 жастағы кәсіпкер Азамат Бөкенаев ақталып шыққан. Сот тергеу изоляторында екі жылға жуық уақыт отырған екеуін қамаудан босатты.

"Белсендіні өлтірді" деп айыпталған 29 жастағы Иман Мияшовты сот алқасы аталған эпизод бойынша кінәсіз деп тапты. Бірақ оның қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Бақтыбаевты ұрып-соғып, терезесіне оқ атқаны дәлелденген деді. Сол үшін Мияшов бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот сонымен бірге белсендіні ұрып-соғуға қатысты деп айыпталған 31 жастағы Эльдар Жәкенді кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған.

Қайғылы оқиғадан бұрын да бірнеше рет қоқан-лоқы көріп, қастандық әрекетінен аман қалған 59 жастағы белсенді Ғалы Бақтыбаев 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні өлтірілген. Оны үйінің табалдырығында атып кеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG