Accessibility links

Түркияда түркіменстандық белсенді ұсталды. Оған депортация қаупі төніп тұр


Дурсолтан Таганова
Дурсолтан Таганова

Түркіменстан билігін сынап жүрген түркімен белсендісі Дурсолтан Таганова Стамбулда ұсталды. Ол Түркіменстанға депортациялануы мүмкін.

Мәскеулік "Мемориал" құқық қорғау орталығының хабарлауынша, Таганова қазір Стамбулдағы депортация орталығында отыр. Құқық қорғаушылар ол Түркіменстанға депортацияланса қамауға алынып, азаптауға ұшырайды деп қауіптенеді.

Ақпараттарға сай, 26 қыркүйек таңертең Таганованың үйіне полицейлер келіп, құжатқа қол қою үшін бөлімшеге шақырған. Полиция келгенде Таганова үйінде болмаған. Ал полицияға барғанда оны ұстап, изоляторға қамағаны хабарланды.

Turkmenistan.news телеграм каналында жарияланған видеода белсенді "мен заң бұзбасам да Түркиядан депортациялануым мүмкін" дейді. Таганова ұсталуын TikTok желісіне жариялаған видеомен байланыстырады. Ол видеосында Түркіменстан билігінен халыққа еркіндік талап еткен.

"Менің ұсталғаныма видеом себеп болуы мүмкін. Не болса да күресімді жалғастырамын. Қорықпаңыздар" дейді ол.

2020 жылы шілдеде Таганова мен ондаған түркіменстандық Стамбулдағы Түркіменстан консулдығы алдында авторитар президент Гурбангулы Бердімұхамедовке қарсы наразылық өткізбек болғанда ұсталған. Кейін ұсталғандардың көбі босатылып, Таганова қамауда қалған. Түркия билігі оны Түркіменстанға депортациялауға талпынған еді. Қазан айында 11 құқық қорғау ұйымы түрік билігінен оны депортация жасамауды сұраған соң белсенді қамаудан босатылған.

Биыл сәуірде Таганова өзін Түркияның иммиграция орталығына шақырып, саяси белсенділігін тоқтатуды ескерткенін мәлімдеді.

"Олар маған егер осында тұра беремін десеңіз интернетке ештеңе жазбай, тыныш жүріңіз деп ескерту жасады" дейді ол.

Таганованың айтуынша, түрік полицейлері Түркіменстан билігін сынаған блогерлердің жазбалары бақыланатынын ескерткен.

Шетелде жүрген түркімендер Бердімұхамедов режиміне қарсы былтыр Түркия, АҚШ және Солтүстік Кипрде наразылық шарасын өткізген. "Мемориал" орталығы түркіменстандық басқа да белсенділерді Түркіменстанға депортация жасау қаупі төніп тұрғанын айтады. Кейбір белсенділер Түркіменстандағы туыстарына қысым басталғанын да мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG