Accessibility links

Түркістандық жүргізуші: Полиция мазалай берген соң наразылықты кабина ішінде жалғастырып жатырмыз


Түркістан облысындағы жүргізушілер наразылығы. Оқырман жіберген сурет. 30 қыркүйек 2021 жыл.
Түркістан облысындағы жүргізушілер наразылығы. Оқырман жіберген сурет. 30 қыркүйек 2021 жыл.

30 қыркүйекте Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай шығатын жолда Қарашық ауылы маңында елуге жуық жүргізуші жиналып, жанармайдың қымбаттауына, балаларға вакцина салуға, ақылы жолдарға қарсылық білдірмек болды. Бірақ полиция оларды қайтаруға тырысып жатыр. Бұл туралы жұма күндіз Азаттық тілшісіне оқиға орнында жүрген жүргізушілердің бірі Абай Төреханов хабарлады. Бұл ақпаратты өзге де жүргізушілер растады.

"Қарапайым халық, басым бөлігі шопырлар тұрмыз. Жолдың ақылы болуы қарсымыз, балаларға вакцина салуға, жанармайдың қымбаттауына қарсымыз. Ешқандай тәртіп бұзылып жатқан жоқ. Бірақ полиция қайтыңдар деп жатыр" деді жүргізуші Абай Төреханов.

Оның Азаттыққа жіберген видеосында трасса маңында жүк көліктердің тоқтап тұрғаны, ондаған адам мен бірнеше полиция қызметкерінің жүргені байқалады. Ақпаратқа қарағанда, полиция оларға фото-видео түсіруге тыйым салған.

Берік Ерденов есімді жүргізушінің Азаттыққа айтуынша, "полиция мазалай берген соң жүргізушілер көліктеріне кіріп алып, наразылықты сонда жалғастырған".

Әзірге жүргізушілер тарамаған. Наразылар оқиға орнында байланыстың нашарлағанын да айтып жатыр.

Полиция әзірге түсініктеме берген жоқ.

Қазақстанда кейінгі күндері жүргізушілердің наразылыққа шығып, жанар-жағар май бағасын қымбаттатпауды талап ететіні жайлы ақпарат тараған. Осы аптада Шымкентте жүргізушілер белсендісі ұсталып, оларды қолдағандардан полиция түсініктеме алған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 29 қыркүйекте "ақылы жолдарға байланысты түсіндіру жұмыстарына жауапты тұлғалар бекітілді, тыңдау 4 және 15 қазан аралығында өтеді" деп мәлімдеді.

  • Мамырдың соңында Қазақстанның бірнеше аймағында жолдардың ақылы болуына байланысты алыс жолға жүк көліктерін айдайтын жүргізушілер наразылыққа шыққан еді. Олар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін алға тартқан.
  • Артынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "ақылы жол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, кім жолды пайдаланса, сол жағдайына да жауапты" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, ақылы жүйе ой-шұңқыры жоқ, тегіс бірінші категориялы жолдарға ғана енгізіледі.
  • Маусым айында "ҚазАвтожол" бастапқы жоспарынан бас тартып, биыл 18 емес, 5 аумақта ғана жолдың ақылы болатынын хабарлады. Бұлар: "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" (Қайнар-Тараз, Тараз-Шымкент, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Ташкент), Щучинск-Көкшетау, Қапшағай-Талдықорған, Нұр-Сұлтан-Павлодар және Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен.

Қарай отырыңыз: Ақылы жолдың саны қысқарса да, құны өзгермеді (9 маусым 2021 жыл).

Ақылы жолдың саны қысқарса да, құны өзгермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:01 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG