Accessibility links

Министрлік: Қазақстанда ақылы жол жанынан тегін жол салу тиімсіз


Түркістан облысында наразылық танытып тұрған жүргізушілер. Мамыр айы, 2021 жыл.
Түркістан облысында наразылық танытып тұрған жүргізушілер. Мамыр айы, 2021 жыл.

Халық тығыздығы аз Қазақстанда жүргізушілер талап етіп жүргендей балама жол салу тиімсіз. 30 қыркүйекте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаттыққа жолдаған ресми жауабында осылай деп жазылған.

"Облыс орталықтары арасындағы қашықтық орта есеппен 500 шақырым. Мұндай жағдайда бюджет есебінен параллель балама жол салып, оны ұстап тұру өте тиімсіз" делінген жауапта.

Қазақстанда бұған дейін ақылы жолдарға наразылық білдірген жүргізушілер биліктен балама жол салу мәселесін де қозғаған еді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, қазақстандық мамандар тәжірибесін зерттеген елдердің басым бөлігінде "тегін баламалы жол салуды талап ететін заңнама нормасы жоқ". Ақылы жолдар бар елдердің көбінде тегін жолдардың санаты төмен. Мұндай жолдарда сағатына 60 - 90 км жылдамдыққа ғана рұқсат етіледі.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, ақылы жол халық сирек орналасқан, елді мекендер арасы қашық Қазақстан сияқты елдерге тиімді.

– Қозғалыс қарқынын есептесек, Қазақстанның барлық жерінде бір шақырымға 7 мың көліктен келеді. Өзге елдерде бұл көрсеткіш 80-100 мыңнан асады. Яғни, оларда ақылы жол жасаса, жолды күтіп ұстау ғана еемс, дамыту, пайда жасауға жұмсалады. Ал бізде өзінен түскен ақшаны өзіне пайдаланамыз. Жолды уақытында күтіп ұстасақ, өзімізге пайдалы. Бес жыл сайын жөндемесек, жолды жоғалтып аламыз, – деді министрлікке қарасты автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярұлы.

Қазақстанда көктем және жаз айларында жүргізушілер ақылы жолдарға наразылық білдіріп, жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін алға тартқан еді. Жуырда наразылықтың тағы басталатыны хабарланған.

Министрліктің айтуынша, жүргізушілер наразылығынан кейін жол сапасын жақсартып, тарифтерді төмендетуді қарастыратын арнайы комиссия құрылған.

"Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, ақауларды (жарықтар, чиптер, жолтабандар, шөгулер, пиллинг және т.б.) анықтады. Бүгінгі таңда ақылы жолға көшірілетін 179 км автожолға орташа және ағымдағы жөндеу жүргізіледі, олар биыл аяқталады" делінген министрлік хабарламасында.

  • Маусым айында жүргізушілер наразылығынан кейін "ҚазАвтожол" бастапқы жоспарынан бас тартып, биыл 18 емес, 5 аймақта ғана жолдың ақылы болатынын хабарлаған. Бұлар: "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" (Қайнар-Тараз, Тараз-Шымкент, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Ташкент), Щучинск-Көкшетау, Қапшағай-Талдықорған, Нұр-Сұлтан-Павлодар және Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен.
  • Министрліктің мәліметінше, аталған аумақтарда жүретін көліктер 2013 жылғы тариф бойынша төлейді (Ақы туралы мәліметті білу үшін мына сілтемені басыңыз).

Қазір Қазақстанда 682 шақырым жол ақылы:

  • Нұр-Сұлтан - Щучинск (211 шақырым);
  • Нұр-Сұлтан – Теміртау (42 шақырым);
  • Алматы – Қапшағай (42 шақырым);
  • Алматы – Қорғас (295 шақырым);

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG