Accessibility links

Астанада бір топ әйел зейнет жасын төмендетуді талап етті


Министрлік алдында зейнет жасын төмендетуді талап етіп тұрған әйелдер. 1 қазан 2021 жыл.

1 қазанда Нұр-Сұлтанда әйелдердің зейнет жасының ұлғайғанына наразы бір топ әйел еңбек министрлігінің алдына жиналды. Олар Қазақстан президентінен, парламенттен зейнет жасы туралы заңға өзгеріс енгізуді талап етіп, әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа көтергеніне қарсылық білдірді.

«Елбасына, министрлерге, депутаттарға қоятын талабымыз – зейнет жасын қайтарсын!» деп шулаған наразы топ қолдарына «Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын 58 жасқа дейін азайту қозғалысы», «Зейнетке шығудың алдыңғы 58 жасын қайтарсын» деген плакаттар көтеріп шықты. Олар осы тақырыпқа арнап шығарған гимндерін айтып, қоғам мен билікті осы мәселеге назар аудартуға тырысты.

Наразы әйелдерді полиция мен арнайы жасақ бақылап тұрды.

Зейнет жасын азайту талабын айтқан әйелдер министрлік алдында ұзақ тұра алмады. Оларға Есіл аудандық әкімдігінің өкілі келіп, митинг туралы өтініш түспегенін, бұлай тұрудың заңсыз болатынын, ішкі істер органы жауапқа тартуы мүмкін екенін айтып, жиналғандарды таратуға тырысты.

– Мен 63 жасқа дейін жұмыс істей алмаймын. Ауырмайтын жерім жоқ. Қолдарыма операция жасалған. Ауруды басу үшін кетонал, кеторал, нимасил небір дәрі қабылдаймын. Ауруға шыдамай кейде өмірден түңіліп кетемін. Мен артық ешнәрсе сұрап отырған жоқпын, - деді 58 жастағы Лейла Оспанова.

Оны өзге әйелдер де қоштап, жас 50-ден асқан соң денсаулықтары сыр беретінін әрі жасы ұлғайғандарды жұмысқа алмайтындарын жеткізді.

Зейнет жасын азайтуды сұраған әйелдер белсенділерінің бірі Кенжеш Сембаева Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерде топтары бар екенін, топ мүшелерінің саны он мыңнан асатынын айтады. Олар «Қазақстан Республикасы әйелдерінің зейнет жасын 58 жасқа дейін азайту» деп аталатын қозғалысты тіркете алмай жүргендерін де айтты.

– Биліктегілер айтқан талабымызға ресми жауап берген жоқ, оңаша сөйлесіп, «әйелдер шығып буларын шығарып алсын, бірақ біз зейнет жасын төмендетпейміз» дейді. Міне, олардың жауабы, – дейді белсенділердің бірі Майкен Бекарыстанова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әйелдер талабын тыңдауға шықпады. Оның кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбекұлы әйелдерді министрліктің астыңғы қабатына отырып, сөйлесуге шақырды.

- Бұл кісілер заңды өзгертуді сұрайды. Ол үшін үлкен жұмыс істеу керек, бір күнде шешетін мәселе емес, - деді ол.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру басталғалы бері оған наразылар көбейген. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер зейнетке бұрынғыдай 63 жаста шығады. Осы өзгерістен соң бірнеше мәрте елдің әр өңірінде зейнет жасын азайтуды талап еткен наразылық акциясы өткен.

Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, елде 2 миллионнан астам зейнеткер бар, 1,5 миллионға жуығы – 59 жастан асқан әйелдер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG