Accessibility links

Грузияда тұтқындалған Саакашвили аштық жариялады


Михаил Саакашвили.
Михаил Саакашвили.

Украина президенті Владимир Зеленский Грузияда бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің ұсталғанына алаңдаушылық білдірді. Киев Тбилисиді "Украина азаматын ұстап, қамауының себебін" түсіндіруге шақырды.

Ал жұма күні ұсталған Саакашвилидің Facebook парақшасында Украина депутаты Елизавета Яськомен арадағы қарым-қатынасы жөнінде хабарлама шықты. "Біз бұл видеоны Грузияға кетпей тұрып жаздық. Грузия мен Украина бірге. Қамалған жағдайда жариялаймыз деп келіскенбіз" делінген видео сипаттамасында.

"Лиза екеуіміз жаңа өмір, жаңа отбасын құратынымызды хабарлауды жөн көрдік" деді Саакашвили видеода.

Жұма, 1 қазанда Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили шұғыл брифинг өткізіп, елдің үшінші президенті Михаил Саакашвилидің арнайы операция кезінде ұсталғанын хабарлады.

Гарибашвилидің айтуынша, грузин арнайы жасағы бұрынғы президенттің Украинадан Грузияға қарай жол тартуын аңдып, ізіне түскен. Артынша Рустав түрмесіне қамаған.

Көп кешікпей Саакашвилидің аштық жариялап, Украина елшісімен кездесуді талап еткені белгілі болды. Бұл жөнінде Грузия омбудсмені Нино Ломджария хабарлады.

Жұма күні Саакашвили қамалғаннан кейін оның шынымен де Батумиде болғаны расталды. 1 қазанда таңертең оның Грузияға оралғаны жайлы видеоүндеу тараған. Оның елге қалай келгені белгісіз. ІІМ бастапқыда экс-президенттің шекарадан өтпегенін мәлімдеген.

Саакашвили сегіз жылдан соң елге оралып отыр.

2013 жылы Тбилиси соты оны "қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін" сырттай 6 жылға бас бостандығынан айырған. Осы аптада Грузия билігі елге оралса, оның түрмеге қамалатынын ескерткен.

Саакашвили Грузияға келмей тұрып жариялаған видеоүндеулерінде халықты 2 қазанда астана орталығына жиналуға шақырған. Сенбі күні Грузияда жергілікті орган сайлауы өтеді.

Жексенбі күні елде Саакашвилиді қолдаған ірі митинг өтетіні жайлы хабар тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG