Accessibility links

Ресей Ташкентке экстрадициялануы мүмкін деген құқық қорғаушы Валентина Чупикті босатты


Валентина Чупик.
Валентина Чупик.

Ресейдегі босқын мәртебесінен айырылған өзбек құқық қорғаушысы Валентина Чупик Мәскеудегі Шереметьево әуежайының арнайы қабылдау орнынан босатылды. Ол өзбек билігі өкілдерінен жаңа паспорт алып, Арменияға ұшып кетті. Бұл туралы Азаттықтың Орыс қызметіне оның көмекшісі Александр Ким хабарлады.

48 жастағы Чупик 2009 жылы Ресейде босқын мәртебесін алған. Мигранттар құқығын қорғаумен айналысатын "Tong Jahoni" ұйымының негізін қалаған. 25 қыркүйекке қараған түні Ереваннан Мәскеуге ұшып келгенде оны Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі ұстаған. Сол кезде Ресей билігінің оны босқын мәртебесінен айырып, 2051 жылға дейін елге кіруіне тыйым салғаны мәлім болды.

Чупиктің әріптестері Ресей билігінің бұл әрекетін құқық қорғаушының азаматтық белсенділігі үшін кек алуы деп бағалады. Мұның соңы Чупиктің Өзбекстанға экстрадициялануымен аяқталады, ал онда оған қауіп төніп тұр деген хабарлар тарады.

30 қыркүйекте Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Ресейге Чупикті Өзбекстанға экстрадициялауға тыйым салды.

Чупик Өзбекстаннан 2006 жылы кеткен. Ол бұл қадамға Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі тарапынан қауіп төнген соң барған. Үш жылдан кейін Ресейден босқын мәртебесін алып, сондағы еңбек мигранттарына жұмысқа тұру, құқығының бұзылуы істері жөнінде көмектесіп келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG