Accessibility links

Катарда алғаш рет парламент сайлауы өтті. Бірде-бір әйел жеңіске жетпеді


Катардың алғашқы парламент сайлауында әйелдер жеңіліс тапты. Парламент функциясы бар консультативтік кеңес – аш-Шура мәжілісіндегі 30 мандаттың бәрін ер адамдар иеленді деп хабарлады "Неміс толқыны".

Аш-Шура мәжілісінің сайлауына 26 әйел түскен, бірақ олардың ешқайсысы парламентке өте алмады.

Нақтыланбаған деректерге қарағанда, сайлаушылардың 44 пайызы дауыс берген. Сайлауға заң шығарушы орган құрамындағы мандаттардың үштен екісі – 30 орын шығарылған. Оған 233 үміткер таласқан. Қалған 15 депутатты Катар әмірі тағайындайды.

Катар – монархиялық мемлекет. Яғни, ол елде соңғы сөзді әмір айтады.

Аш-Шура мәжілісі заң қабылдап, мемлекеттің саясаттың негізгі бағыттары мен мемлекеттік бюджетті бекіте алады. Бірақ сөйте тұра бұл орган атқарушы билікті (полиция мен әскерді) қадағалай алмайды. Ол сондай-ақ елдің экономикалық және инвестициялық саясатын да бақылай алмайды.

Катарда саяси партияларға тыйым салынған. Осыған дейін ол елде жергілікті мәслихат сайлауы өткен. Ал аш-Шура мәжілісінің сайлауы 2003 жылғы конституцияда көрсетілген. Бірақ сайлау түрлі себеппен кейінге шегеріліп келген. Катар әмірі шейх Тамим бин Хамад әл-Тани сайлау туралы заңды жақында ғана мақұлдаған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегінше, Катардағы сайлауға мыңдаған адамды қатыстырмаған. Елде сайлау туралы заңға қарсы наразылық өткен. Оның 15 қатысушысын қамауға алған.

Катар вице-премьері шейх Мұхаммед бин Әбдірахман әл-Тани сайлауды жаңа сынақ деп атады. Оның сөзінше, алғашқы жылы аш-Шура мәжілісі парламент құқығын толық пайдалана алмайды.

Катар тарихындағы алғашқы парламент сайлауы футболдан чемпионаты қарсаңында өтіп. 2022 жылғы әлем чемпионаты ел астанасы Дохада өтпек.

Катар әлемнің ең бай елдерінің бірі саналады. Сұйытылған газды экспорттаушы елдер арасында бірінші орында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG