Accessibility links

Израильде Covid екпесінің үшінші дозасын салдыруға деген қысым күшейді


Covid вакцинасының үшінші дозасын салдырып жатқан әйел. Иерусалим, Израиль. 3 қазан 2021 жыл.
Covid вакцинасының үшінші дозасын салдырып жатқан әйел. Иерусалим, Израиль. 3 қазан 2021 жыл.

Израиль үкіметі коронавирус індеті қайта ушыққан тұста вакцинаның екі дозасын алғандарды үшінші дозаны салдыруға итермелеп отыр. Жексенбі, 3 қазаннан бастап қоғамдық орындарға кіруге мүмкіндік беретін санитарлық паспорт екінші дозаны алғаннан бастап алты айға дейін-ақ күшінде болмақ. Содан кейін үшінші дозаны салдыру міндет.

Коронавируспен ауырып шыққандардың өзі алты айдан кейін вакцина салдыруы керек.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа ереже 1 миллионнан астам адамға бірден әсер етпек.

Санитарлық паспорт 3 жастан асқан адамдардың бәріне қажет. Вакцина салдырмағандар не коронавирустан жақында ғана жазылып шыққан болуы керек, не теріс нәтижелі ПТР анықтамасын алуы керек. Онсыз спорт кешендеріне, мәдени орындарға, музейлерге, дәмханаларға, университеттерге кіру, конференцияларға қатысу мүмкін емес.

12 жасқа дейінгі балалар ПТР талдауын тегін жасатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдегі 9,4 миллион адамның 61 пайызы вакцинаның екі дозасын алған, 37 пайызы үшінші дозаны салдырған.

Шілденің соңында Израиль Covid вакцинасының үшінші дозасын сала бастаған алғашқы ел атанды. Оған денсаулық министрлігінің жаңа дерегі түрткі болды. Оған қарағанда, маусым айынан бастап вакцинаның әсері күрт әлсірей бастаған.

Үкіметтің жаңа ережесіне Израильдің мұғалімдер қауымдастығы түбегейлі қарсы шықты. Бірақ 3 қазаннан бастап санитарлық паспорты жоқ не коронавирус тестін тапсырудан бас тартқан мұғалімдер жұмыстан шеттетіледі.

"Біз мұғалімдердің 50 пайызы жөнінде айтып отырмыз. Ал олардың саны 80 мың" деді мұғалімдер қауымдастығының президенті Ран Ерес.

Қыркүйектің басында Израильді коронавируспен күн сайын 11 мыңнан астам науқас тіркеліп жүрді. Бұл індет басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш еді. Содан бері науқас саны біртіндеп азайған.

DPA ақпарат агенттігінің хабары

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG