Accessibility links

Қазақстан каратэшілері Мәскеудегі премьер-лигада үш алтын иеленді


Софья Берульцева Токио олимпиадасында. 2021 жылдың тамызы.
Софья Берульцева Токио олимпиадасында. 2021 жылдың тамызы.

Мәскеуде 1-3 қазан арасында өткен каратэден Karate 1 Premier League жарысында Қазақстан құрамасы үш алтын, бір күміс медаль иеленді. Қазақстандық каратэшілер жүлделерін каратэнің кумите түрінен жеңіп алды.

Токио олимпиадасында +61 келіде қола медаль алған Софья Берульцева Мәскеудегі жарыста +68 келіде жеңімпаз атанды. Ол финалда ресейлік Вера Ковалеваны жеңді. Берульцева осымен төртінші рет Karate 1 Premier League жарыстарында алтын медаль иеленіп отыр. Ол осыған дейін Шанхай мен Мадрид (2019 жыл) және Стамбул (2021) премьер-лигасында жеңіске жеткен.

Токио олимпиадасына қатысқан Мөлдір Жаңбырбай 50 келіде финалда австриялық Веттина Планкты жеңіп, Мәскеудегі жарыстың чемпионы атанды. Бұл – Мөлдір Жаңбырбайдың каратэден премьер-лига жарыстарындағы алғашқы алтыны. Ол биыл Лиссабон (Португалия) премьер-лигасында күміс медаль иеленген.

Мөлдір Жаңбырбай Токио олимпиадасында. 2021 жылдың тамызы.
Мөлдір Жаңбырбай Токио олимпиадасында. 2021 жылдың тамызы.

Ерлер арасында 60 келіде финалда қазақстандық Қайсар Алпысбай ресейлік Евгений Плахутиннен басым түсіп, Мәскеудегі премьер-лиганың алтынын алды. Алпысбай 2020 жылы Сантьяго (Чили) премьер-лигасында жеңімпаз атанған.

Ал Сабина Захарова (әйелдер арасында 55 келі) финалда ресейлік Анна Чернышевадан жеңіліп, екінші орын алды.

Karate 1 Premier League - WKF (Әлемдік каратэ федерациясы) ұйымдастыратын деңгейі жағынан әлем чемпионатынан кейінгі екінші жарыс. WKF жыл сайын премьер-лиганың төрт-бес кезеңін өткізеді. Биыл барлығы төрт кезең өтті. Енді каратэшілер 16-21 қарашада Дубайда болатын әлем чемпионатына қатысады.

Каратэ спорты биыл Токио олимпиадасының бағдарламасына еніп, Қазақстан екі қола медаль (Берульцева және Дархан Асадилов) иеленген. Халықаралық олимпиада комитетінің шешімімен, бұл спорт 2024 жылы Парижде өтетін олимпиаданың бағдарламасында болмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG