Accessibility links

БАҚ: Еуропа одағы Украинада әскери миссия құрады


Еуропа одағы Украинада әскери кеңес және оқу миссиясын құруы мүмкін. Бұл туралы Германияның Welt am Sonntag басылымы Еуропа сыртқы байланыстар қызметінің ішкі құжаттарына сүйеніп хабарлады.

Журналистер мәліметіне қарағанда, миссияны құруға Балтық жағалауындағы елдер мен Румыния, Словакия және Польша мүдделі болып отыр. Құжатта "миссияны құрудағы мақсат - Еуропа одағының Украинамен ынтымақтастығын білдіру" деп көрсетілген.

Welt мәліметіне қарағанда, миссия құру туралы Еуропа одағының басшысы Жозеп Боррелге Украина сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігі былтыр, 2020 жылы жазда өтініш түсірген.

Сенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский "Киев Еуропа одағы мен НАТО-да бұдан әрі қонақ секілді жүре алмайды, бұл ұйымдарға мүше болатын жөні бар" деп мәлімдеген. Зеленскийдің сөзінше, Украина халықаралық ынтымақтастық саласында үлкен қадамдарға "тәуекелшілдігімен" жеткен, бірақ ол аздық етеді. Еуропа одағы да, НАТО да Украинаны қолдайтынын білдіргенімен, мүшелікке алар уақытын айтпаған.

Көктемде Ресей оңтүстік-батыс шекарасына қарай әскерін жылжытқан еді. Бұл қадам Украинамен ара қатынасын тағы да ушықтыра жаздаған. Батыс елдері Мәскеуден әскерін алып кетуді сұраған. "Ресей қорғаныс министрлігі өз әрекетін кезекті оқу-жаттығу ғана деп түсіндіріп, Мәскеудің Украинамен ара қатынасты ушықтыруға құлқы жоқ деп мәлімдеген. Біраз уақыттан соң әскерін шекарадан әкетті. Шекарада қанша әскер қалдырғаны белгісіз" деп жазады Welt басылымы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG