Accessibility links

Чехия полициясы Пандора құжатында ел премьері Андрей Бабиш жайлы айтылған ақпаратты тексереді 


Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш.
Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш.

Чехия полициясы "Пандора құжатында" аталған премьер-министр "Андрей Бабишке тиесілі" деген Франциядағы мүлік жөнінде елдің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес орталығы тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Бұл туралы чехиялық басылымдар хабарлады.

Журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJ)мен Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жариялаған "Пандора құжаты" зерттеуінде Бабиш 2009 жылы Францияның Ривьера туристік аймағына жылжымайтын мүлік алу үшін 15 миллион долларды оффшор компаниялар арқылы аударғаны айтылған.

Журналистер оффшор схемасын қаржылық қылмыспен айналысатын бір-бірінен тәуелсіз алты сарапшыға көрсеткенін, олардың бәрі "схеманың ақша заңдастыруға ұқсайтынына" меңзеген.

Сарапшылар "заңды делінген ешбір іскерлік келісім бұлай жүргізілмейді" деген. Премьер-министр бұл мүлкін декларациясында көрсетпеген.

Андрей Бабиш жергілікті журналистерге берген сұхбатында зерттеудегі ақпаратты жоққа шығармады. Бірақ "бұл операция саясатқа келмей тұрып істелгенін, ақшаны заңды жолмен тапқанын" айтқан және зерттеуді "саяси бәсекелестерімнің сайлау алдындағы әрекеті" деген. Чехияда қазанның 8-9 аралығында парламент сайлауы өтеді.

Бабишке қатысы бар деректерді Чехия парламенті де тексеретін болды. 6 қазанда сенаттың арнайы комиссиясы талқы ұйымдастырады.

"Пандора құжаты" зерттеуі батыс баспасөзінде 3 қазанда жарияланды. Зерттеуге әлемнің 120 елінен 650 журналист қатысқан. Олар екі жыл 12 миллионға жуық құжатты саралаған.

Зерттеуде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "үшінші әйелі" делінетін Әсел Құрманбаеваның аты аталады. Әшкере болған құжаттарға қарағанда, Құрманбаева Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген, бірақ еш белсенділігі байқалмаған құпия компаниясын Назарбаевтың сенімді серігі аталған Владимир Ниге 30 миллион долларға сатқан.

Қазақстан билігі бұл зерттеуге қатысты қандай да бір реакция білдірген жоқ.

Зерттеуде 30-ға жуық қазіргі және бұрынғы президенттердің, билеушілердің аты аталған. Олардың арасында Ресей президенті Владимир Путин, Украина президенті Владимир Зеленский, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG