Accessibility links

Gulagu.net Ресей түрмесіндегі азаптауды бейнелейтін 40 гб құпия видеоархивті қолға түсіргенін айтты


Gulagu.net құқық қорғау жобасының өкілдері Ресейден "құқық қорғау органдарының құпия видеоархивін" алып шықты. Онда түрмедегі азаптау мен зорлау бейнеленген. Бұл туралы Facebook желісінде жобаның негізін қалаушы Владимир Осечкин жазды.

"Бұл – Ресей құқық қорғау органдарының, атап айтқанда ФСБ-ның "М" басқармасы мен ФСИН (Жазаны атқарудың федералдық қызметі) бас жедел басқармасының ең үлкен сәтсіздігі. Мұндай нәрсе осыған дейін болмаған" деп жазды ол.

Оның сөзінше, құқық қорғаушылар қолына видео, құжат, суреттерден тұратын 40 гигабайт архив түсірген. Ол материалдар Ресей түрмелерінде ФСБ мен ФСИН-нің жасырын агенттері барын, олардың куратор тапсырмасы бойынша қамалған адамдарды азаптап, зорлайтынын көрсетеді дейді Осечкин.

"Жүзедеген адам азапталған, зорланған. Осы видеокомпромат арқылы оларды азаптау конвейеріне қатыстыру үшін алдап-арбаған" деп жазды Осечкин.

Архивтегі видеолардың бірін "Вот так" басылымы жариялады. Онда түрме қызметкеріне ұқсайтын бірнеше адам кереуетке байланған ер адамды зорлап жатқаны көрінеді. Видеодағы жазбаға қарағанда, оқиға 2020 жылы ақпанда болған.

Басылым Осечкиннің видеоархивті қалай алғаны туралы да жазған. Оған қарағанда, Осечкиннің әріптестері ФСИН түрмелерінің бірінде бес жыл жазасын өтеген адамды Ресейден алып шыға алған. Ол адам программист болған. Түрмеде оны "ұрып, азаптаған, кейін кәсіби маман ретінде пайдалануды ұйғарған". Сол себепті ол бес жыл бойы ФСИН-нің компьютерлері мен видеорегистраторларын көре алған.

Осечкиннің сөзінше, видеоархивте ФСИН-нің Владимир, Саратов және Иркутск облыстарындағы басқармаларының қызметкерлері бейнеленген. Архив файлдары 2018-2020 жылдары ФСИН-нің қызметтік видео камераларына түсірілген дейді ол. Gulagu.net жетекшісінің айтуына қарағанда, ФСИН қызметкерлері қылмыстың алдын алудың орнына қамалған, сотталған адамдарды азаптаумен, зорлаумен және видеоға түсірумен айналысқан. Мұны алдап-арбап өз агентіне айналдырған сотталушылар арқылы жүзеге асырған. Бұл видеолар кейін компромат ретінде қолданылған. Сол арқылы азапталған адамдарды түрмеде жүріп ФСИН-нің агенті болуға, тергеушілер алдын ала дайындап қойған айғақтарға қол қоюға, қажет адамды қаралауға мәжбүрлеген.

Gulagu.net иесінің айтуынша, азаптау мен зорлауға 200-ден астам ұшыраған, соның тек 40-ы ғана видеоархивке түскен.

Gulagu.net архивтегі үш видеоны "Медиазона" басылымына берген. Осечкиннің сөзінше, бұл видеолар ФСИН-нің Саратов қаласындағы №1 туберкулез ауруханасында түсірілген.

Басылымның жазуынша, 2020 жылы 18 ақпан күні түсірілген бір видеода қара киінген ер адамның қызыл лентамен оратылған швабраны қолы кереуетке байланып, аяғын екі адам көтеріп тұрған адамның артына тығып жатқаны көрінеді.

2020 жылғы 25 маусымда түсірілген тағы бір видеода камераның артқы жағында тұрған ер адам қолы кереуетке байланған, аяғы аспаннан келтірілген қамалушыдан өзін таныстыруды талап етіп тұр.

"Ол оның жүзін үлкен етіп түсіріп тұр, ал аяғы байланған жіпті екінші бір ер адам тартып тұр. Осыдан кейін камера ұстаған адам қамалушыны жанынан түсіре бастайды" деп жазады "Медиазона" ары қарай жыныстық зорлау әрекетін сипаттап.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG