Accessibility links

2,2 мың адамнан Covid пен "пневмония" анықталды, 39 науқас қайтыс болды


Кеше, 6 қазанда Қазақстанда 2063 адамның коронавирус тесті оң көрсетті.

Сәрсенбі күні алдыңғы апталардағыдай ең көп науқас Алматы қаласында (423) тіркелді. Нұр-Сұлтанда 281 адамға коронавирус жұққаны тестпен дәлелденді. Қалған қалалар мен облыстарда 200-ден аз науқас анықталды.

2020 жылдың наурыз айынан бері 898 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. 11 422-і қайтыс болған. 5 қазанда 33 адам коронавирустан көз жұмған.

5 қазанда 202 адамға коронавирус пневмониясы деген диагноз қойылған. Пневмонияның коронавирус ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған. Былтыр Қазақстанда жазда жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген.

Содан бері ресми мәлімет бойынша, 76 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 4881-і қайтыс болған. Алтауы 5 қазанда көз жұмған.

Одан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі корнавирустан қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәрсенбілік брифинг кезінде ауру өсімі өткен аймен салыстырғанда 2,4 есе төмендегенін мәлімдеді. Қазір республика бойынша 55 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,5 мың науқас стационарда жатыр.

Қазір 6,77 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр. Министр Алексей Цой елге батыс компаниялары әзірлеген Pfizer вакцинасы төртінші тоқсанда жеткізіледі деп хабарлады. Ол негізінен 12 жастан бастап балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге салынуы тиіс.

Қазір Қазақстанда ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі қолданылады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 236 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, 4,8 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG