Accessibility links

Назарбаеваның карантинде кітабын таныстыруы: Санитар дәрігер заң бұзылмағанын айтты


Әлия Назарбаева Алматыда жаңа кітабын таныстырды. Қалада шара өткізуге шек қойылған
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

Әлия Назарбаева Алматыда жаңа кітабын таныстырды. Қалада шара өткізуге шек қойылған

Алматыда қоғамдық шара өткізуге тыйым бар кезде өткен бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева кітабының презентациясында заң бұзылған жоқ. 7 қазанда Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік опера және балет театрында өткен кеште барлық сақтық шаралары сақталған, ғимаратқа "жасыл" статусы бар адамдар ғана кіргізілген.

— Жиналғандардың барлығының вакцинасы бар және 72 сағатқа жарамды теріс нәтиже көрсеткен ПТР тесттері болды. Бірақ тұтас алғанда жұмыс жалғасып жатыр, — деді Бекшин.

Азаттық тілшісі одан "жиналғандар маска режимін сақтады ма" деп сұрады. Қатысушылар жариялаған фото мен видеоларда адамдардың маска таққаны байқалмайды. Әлеуметтік қашықтық сақталмағаны да көрінеді. Жандарбек Бекшин "жасыл" статус пен ПТР тест жайлы жауабын қайталады. Маска режимі сақталғаны-сақталмғаны жөнінде сауал қайта қойылған кезде Бекшин "әзірге материалдар, түсініктемелер түспеді" деп деп жауап берді.

Азаттық тілшісі Алматы әкімдігі өкілінен "танымал адамдар" қатысқан қоғамдық шараларды тексеруге келгенде мониторинг тобы жұмысының "баяулау" себебін түсіндіруді сұрады.

— Алматы қаласында алалау принципі жоқ. Ереже бәріне ортақ. Жұлдыздар да бар, қоғам қайраткерлері де бар. Олардың бәрін тексереміз. Мүмкін, айғақтар жинаумен мәселе бар шығар. Бұл жөнінде сіздерді хабардар етіп отырамыз, — деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Әлия Назарбаеваның "Место силы" атты кітабының презентациясы Алматыда 16 қыркүйекте өткен. Дәл сол кезде қалада коронавирусқа байланысты шектеу шаралары күшінде болды. Ресейлік әртіс Максим Галкин жүргізген кешке қазақстандық кәсіпкерлер, актерлар, өзге де селебрити өкілдері қатысты. Алматы СЭС өкілдері бұған дейін Алмалы аудандық мониторинг тобы материалдарды зерттеп жатқанын айтқан.

Қазақстанда бұған дейін де осыған ұқсас оқиғалар болған.

Қыркүйек айында әлеуметтік желілерде депутат Бекболат Тілеухан, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы, Өскемен әкімі Жақсылық Омар мен эстрада жұлдыздары қатысқан салтанатты шарадан түсірілген фотолар пайда болды. 6 қазанда денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова шараны ұйымдастырушыларды жауапқа тартуға "негіз жоқ" деп мәлімдеді. Жергілікті БАҚ Нұр-Сұлтан түбіндегі демалыс орнында өткен шараны президент әкімшілігінің шенеунігі ұйымдастырғанын жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG