Accessibility links

Азаттық мақаласынан кейін СССР төлқұжатымен жүрген қарияға Қазақстан куәлігі берілді


CCСР-дан Қазақстанға. Төлқұжат алған қарияның қуанышы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауылында тұратын 68 жастағы Лариса Чернышеваға Қазақстан азаматының жеке куәлігі берілді. Осыған дейін ондаған жыл бойы СССР паспортымен жүрген Чернышеваға билік өкілдері жаңа құжатты 7 қазанда Мұғалжар ауданы орталығы Қандыағаш қаласында тапсырған.

- Құжатым барына сене алар емеспін. Енді мені барлық жер қабылдайтын болды. Мақала шыққаннан кейін полициядан адамдар келіп мені фотоға түсірді. Кеше ауылдың учаскелік инспекторы қызмет көлігімен Қандыағашқа алып барды. Сол жерде құжат пен гүл беріп құттықтады. Мен енді Қазақстан азаматымын, - дейді Лариса Чернышева 8 қазанда Азаттық тілшісіне.

Отыз жылдан астам уақыт СССР паспортымен жүрген Лариса Чернышева туралы Азаттық репортажы 1 қазан күні жарияланған болатын. Арада алты күн өткенде жаңа құжат дайын болған. Лариса Чернышеваның жаңа куәлігінде Қазақстан ішкі істер министрлігі құжатты 2021 жылғы 6 қазанда берген деп жазылған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарында Лариса Чернышеваға көші-қон қызметі бөлімшесіне бару керегі айтылған. Бірақ ол көші-қон қызметіне жүгінбеген.

- Кейде сондай адамдар кездеседі. Олар жас кезінде еш жерде ресми түрде жұмыс істемей, құжат алуға асықпайды. Зейнет жасына жеткенде ғана қимылдайды, - дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жеке куәлігі қолына тиген Лариса Чернышева 8 қазанда Азаттыққа ауыл әкімдігінде жүргенін, енді зейнетақыға құжат әзірлей бастағанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG