Accessibility links

Чехиядағы парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетті


Бабиштің қарсыластары өткізген наразылық акциясы. Прага (архив).
Бабиштің қарсыластары өткізген наразылық акциясы. Прага (архив).

Чехияда 8-9 қазан күндері өткен парламент сайлауында қазіргі премьер-министр Андрей Бабиштің қарсыластары жеңіске жетті.

Дауыстар түгел саналған соң бірінші орынға "Біргеміз" (SPOLU) коалициясы шықты. Оған оппозицияда жүрген үш оңшыл-центристік партия кірген. Коалиция дауыстың 28 пайызын алған. Бабиштің қозғалысы одан сәл аз дауыс алып, екінші орыннан табылды.

Үшінші орында – солшыл-центристік оппозиция коалициясы. Парламентке бұлардан бөлек Томио Окамура бастаған оңшыл популистер де өтіп отыр. Коммунистік партия бес пайыздық межеден аса алмай, алғаш рет парламентке өте алмай қалды.

Екі оппозициялық коалицияның лидерлері жаңа үкіметті Бабишсіз құру жөнінде келіссөз жүргізетінін мәлімдеп үлгерді. Екі коалицияда үкіметті жасақтауға жетерлік мандат бар. Премьер қызметіне келуі мүмкін адамдардың қатарында Азаматтық демократиялық партияның лидері Петр Фиала бар.

Чехия президенті Милош Земан сайлаудан кейін жеңімпаз партияның лидеріне үкіметті жасақтауды тапсыруы тиіс. Сайлаудың алдында ол Бабиштің қозғалысын қолдайтынын жасырмаған.

Теория тұрғысынан, Земан үкімет жасақтауды әлі де Бабишке тапсыра алады. Бірақ байқаушылардың болжамынша, премьердің коалициядағы әріптестері тарапынан қолдау табуы екіталай.

Ірі кәсіпкер Бабиштің премьер-министр қызметі дауға толы болды. Оның соңғысы сайлауға санаулы күн қалғанда басталды. Оған "Пандора құжаттары" дейтін журналистік зерттеу түрткі болды.

Үкіметті жасақтауы мүмкін деген оппозициялық партиялар Кремль саясатына сенімсіздікпен қарайды. Партиялардың лидерлері Бабиш үкіметін Ресейдегі адам құқығын қорғау ісінде және Чехия мен оның одақтастарын гибридті қауіптерден қорғауда бірізді саясат ұстана алмады деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG