Австрияның федералды канцлері Себастьян Курц отставкаға кететінін мәлімдеді. Санаулы күн бұрын үш оппозициялық партия оның отставкасын талап еткен.
Осыған дейін Австрия прокуратурасы жемқорлықпен күдікке ілінген Курц пен бірнеше адамның үстінен тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Австрия қаржы министрлігі 2016-2018 жылдары австриялық газеттердің біріндегі жарнаманы бюджет есебінен қаржыландырып, оның өтемі ретінде газет Курцтың партиясына жайлы сауалнамаларды жариялауы тиіс болған деп хабарлады "Неміс толқыны" тергеушілерге сілтеп.
Сенбі, 9 қазан күні кешке үкімет басшысы қызметінен кететінін мәлімдеген Курц канцлер қызметіне Еуропа және сыртқы істер жөніндегі министр Александр Шалленбергті ұсынды.
- 2017 жылы 15 қазанда Австрияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп, онда Курц басқаратын партия бірінші орын алған. Сайлау нәтижесі бойынша Себастьян Курц Австрияның федералды канцлері болып тағайындалған. Сөйтіп 1986 жылы туған Курц сол кездегі ең жас премьер-министр атанды.
- 2019 жылы 27 мамырда Австрия парламенті Курцқа Ибица-гейт дауына байланысты сенімсіздік вотумын білдірген. Дауға 2019 жылы 17 мамыр күні жарияланған видео түрткі болған. 2017 жылы шілдеде түсірілген видеода Испанияның Ибица аралында екі саясаткердің құпия мәміле жасап жатқаны, партияларының саяси сахнадан тыс әрекеттерін талқылағаны көрінеді. Саясаткерлер басылымдарда "Еркіндік партиясын" жағымды етіп көрсетіп, оның орнынан мемлекеттен контракт беру ісін әңгіме қылған. Видеода өзін Ресей олигархының немере қарындасы ретінде таныстырған әйел көрінеді.
- Бірақ 2019 жылы 29 қыркүйекте өткен сайлауда Курцтың партиясы да тағы да жеңіске жетті. Сөйтіп ол 2020 жылы 7 қаңтарда Австрия канцлері қызметіне екінші рет тағайындалды.
ПІКІРЛЕР