Accessibility links

Пәкістан ядролық бағдарламасының негізін қалаған Абдул Қадыр Хан қайтыс болды


Абдул Қадыр Хан ортада (архив)
Абдул Қадыр Хан ортада (архив)

Пәкістанның ядролық бағдарламасын бастаған Абдул Қадыр Хан 85 жасында дүниеден озды.

Пәкістандық PTV телеарнасы 10 қазан күні Абдул Қадыр Ханның Исламабад ауруханасына өкпе ауруымен түскенін, артынша қайтыс болғанын хабарлады. Соның алдында оның Covid инфекциясын жұқтырып алғаны мәлім болған.

Пәкістанды мұсылман елдер арасындағы алғашқы ядролық мемлекетке айналдырғаны үшін Ханды ұлт қаһарманы санаған. Пәкістан сәтті аяқталған алғашқы ядролық сынағын 1998 жылы жасаған. Елдің аймақтағы қарсыласы Үндістан бірінші ядролық сынағын 1974 жылы жүргізген.

Пәкістанның президенті Ариф Алви Twitter желісінде "Разы халық оның қызметін ешқашан ұмытпайды" деп жазды.

Премьер-министр Имран Хан оны "ұлт қаһарманы" деп атады.

2000-жылдардың басында Абдул Қадыр Хан ядролық құпияны Солтүстік Корея, Иран және Ливия елдеріне сатты деп айыпталды. 2004 жылы ақпанда Пәкістан телеарнасында жаппай қырып-жою қаруын таратқанын мойындады. Кейінірек Пәкістанның сол кездегі президенті Первез Мушарраф оны кешірді.

2006 жылы желтоқсанда Жаппай қырып-жою қаруы жөніндегі комиссия (WMDC) мәлімдеме жасап, Пәкістан үкіметінің Ханның қадамынан бейхабар болмады деді.

2008 жылы Хан қаруды таратудың артында президент Мушарраф тұрған деп мәлімдеді.

1936 жылы Үндістандағы Бхопал қаласында дүниеге келген. Пәкістанға ол 1947 жылы көшкен. Ядролық инженерия мамандығын 1967 жылы Нидерландыда алған. Кейінірек Бельгияда металлургия инженериясы бойынша докторлық қорғаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG