Accessibility links

Алматыда 13 белсендіге сот үкімі шықты. Ақталып шыққаны жоқ


Сотқа тергеу изоляторынан қосылған белсенділер (оңнан солға қарай): Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Диана Баймағамбетова. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.
Сотқа тергеу изоляторынан қосылған белсенділер (оңнан солға қарай): Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Диана Баймағамбетова. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында былтырдан бері "тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деп айыпталып отырған 13 белсендіге үкім оқылды. Судья 4 белсендіні 5 жылға бас бостандығынан айырды, 9 белсендінің бас бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейін шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, үкіммен келіспеді.

Судья Ернар Қасымбеков айыпталушылар Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Ноян Рақымжановты қылмыстық кодекстің 405-бабы 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі орта түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Жаза белсенділердің ұсталған уақытынан бастап есептеліп, сот үкімі шыққанға дейінгі әрбір күн 1,5 тәулікке теңеледі. Осылайша, Абай Бегімбетов пен Асхат Жексебаевтың мерзімі 2020 жылғы 22 тамыздан, Қайрат Қылышевтің мерзімі 2020 жылғы 30 тамыздан, Ноян Рахымжановтың мерзімі 2020 жылғы 29 қазаннан бастап есептеледі.

Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағымен кінәлі деп танылған Диана Баймағамбетова мен Дәметкен Аспандиярованың бас бостандығы 2 жылға, Бақдәулет Әлібеков, Гүлзипа Жаукерова, Нинагүл Жұманиязова, Ермек Қозиев, Марат Құрбанов, Болат Смағұлов, Дархан Уәлиевтің бас бостандығы 1 жылға шектеліп, 3 жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды.

Дәметкен Аспандиярованың шартты жазасы үйқамақта жатқан жаза мерзімінен алынып, бостандыққа шығатын болды. Диана Баймағамбетова қамаудан босатылып, шартты жазасын өтейді. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген қалған айыптаушылар жазасын толық өтейді.

Видео: Бес жылға сотталған төрт белсенді кім?

Кәмелетке толмаған 12 бала. Бес жылға сотталған төрт белсенді кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

Бостандығы шектелген белсенділердің ішінде Жаукерова мен Жұманиязовадан өзгелері жаза уақытына жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жегіледі. Судья оларды уәкілетті органның хабарынсыз жұмысын, тұрғылықты жерін ауыстырмауға, тұрғылықты ауданынан тыс жерге шықпауға міндеттеді.

Судья Қасымбеков үкімді онлайн оқыды. Үкім оқып, судья оны түсіндірген соң белсенділер "масқара" деп айқайлай бастағанда байланыс үзілді.

ПРОКУРОРДЫҢ УӘЖІ, СУДЬЯНЫҢ АСЫҒУЫ

Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары үш айға созылған сот процесін жүргізіп отырған судья Ернар Қасымбековке үш рет қарсылық білдіріп, сенімсіздік танытты. Олар судьяның "Саяси тұтқын дегеніміз кім?" деген сұрақты қоюға тыйым салғанын, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының "Көше партиясы" мен ҚТД қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы үкімін іске тіркете алмағанын, 78 томнан тұратын іс құжаттарын оқып болған соң сарапшыларды шақырмай және дәлелдемелер мен видеоларды тексерткізбегенін алға тартқан. Бірақ олардың талабы қанағаттандырылмады, судья істі соңына дейін қарады.

– Қамауға алынғаннан бері не тергеуші, не прокурор, не сот экстремист екенімді дәлелдейтін бірде-бір құжат ұсына алмады. Сарапшылардың өзі сараптама қорытындысында "сияқты", "мүмкін" деген екіұшты жауап берген. Еш дәлелсіз соттап жатыр, – деді айыпталушы Абай Бегімбетов сот процесінде.

Ал прокурор айыптау актісінде белсенділердің Нұр-Сұлтан соты экстремистік ұйым деп таныған шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар, олар ұйымдастырған заңсыз митингілер мен акцияларға, пикеттерге қатысты деп айыпталатынын айтқан. Белсенділердің әлеуметтік желілерде таратқан видеоүндеулері мен филиологиялық-психологиялық сараптама қорытындысы сияқты деректер дәлел ретінде ұсынылды. Прокурор белсенділерді мемлекетке, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіргенін, "Көше партиясына" бірігіп, топ болып "мемлекеттік билікті құлатуға әрекет жасады" деп айыптаған.

Десе де негізгі дерек ретінде ұсынылған сараптама қорытындысы, видеолармен бірге тінту кезінде алынған жейделер мен үнпарақтар, телефон тыңдауынан алынған стенограммалар сотта талқыланбай қалды. Судья айыптаушыларға сөз беріп, тергеушілерден жауап алып, 78 томнан тұратын істі бірнеше сағатта оқып болған соң айыпталушы тараптың қарсылығына қарамастан жарыссөзге көшіп кетті.

Прокурор соттың сұрауына қарамастан "Көше партиясы" мен ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы Есіл аудандық сотының үкімін әкелмеді. "Сот шешімі туралы баспасөз хабарламасы жарияланған" деп айтумен шектелді. Прокурор Есіл аудандық сотының шешімі тіркелмейінше іске қатысудан бас тартып, байланысты бірінен соң бірі үзген айыптаушылардың әрекетін "істі созу" деп бағалап, оларға бас шарасын өзгертуге талап-тілек түсіретінін ескертті. Мұны айыпталушы Гүлзина Жаукерова "қысым" екенін айтып прокурорды істен шеттету туралы судьяға талап түсірді, бірақ бұл талап та қанағаттандырылмады.

Істе адвокаттар прокурор мен судьяның бұл әрекеттерін айыпталушылар мен қорғаушылардың құқығын шектеу деп бірнеше рет атап өткенімен прокурор мен судья оған мән бермеді.

"БҰЛ – КҮЛКІЛІ ЖАҒДАЙ"

Сот процесі кезінде айыптаушылар бірнеше рет "Біз экстремист емеспіз!" деп айтып, плакатка жазып отырды. Олар бейбіт митингілерге шыққанын, өз ой-пікірлерін айтқанын, азаматтық ұстанымдарын жеткізгенін, Конституциялық құқықтарын пайдаланғаны үшін ауыр қылмыстық іс жасады деп жауапқа тартылғанына қапаланды.

Айыпталушы зейнеткер, көпбалалы ана Нинагүл Жұманиязованың пікірінше, тергеушілер белсенділерді Нұр-Сұлтандағы тергеу мекемесінде қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің асына барғаны, "Демократияға бастар бірден-бір жол – "Көше партиясы"! Алға!" деп әлеуметтік желіде айтқаны және 2009 жылдан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовты жаңа жылымен құттықтағаны үшін экстремист деп таныған.

– Бұл – күлкілі жағдай. Экстремист деп айтуға ешқандай дәлел жоқ. Айыппен келіспеймін. Қараңдаршы, экстремистке ұқсаймын ба? Дулат Ағаділді өлтірді. Арон Атабекті (2007 жылы "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылдан кейін денсаулық жағдайына байланысты бостандыққа шыққан диссидент – ред.) қандай күйге түсірді? Оның айыбы не еді? – деді айыпталушы соңғы сөзінде көзіне жас алып.

Айыпталушылар сот процесі кезінде бірнеше рет үкіметті сынады. Қашан, неліктен билікті сынап, азаматтық белсенді болуға бел буғанын да айтқандар болды. Мысалы, айыпталушы Бақдәулет Әлібеков белсенділердің қатарына "Нұр Сұлтанда бес бала өртенгенде", Дархан Уәлиев "Тоқаевты президент етіп сайлағанда" қосылған.

– Неге мен үкіметті сынай бастадым? 30 жыл бойы елдің әлеуметтік жағдайын жақсартпаған үкіметтен шаршадым. Үкіметті сынау – қылмыс емес. Үкімет маған не берді? Жоғарғы оқу орнын несие алып, оқыдым. Киім-кешекті несиеге алдым. Қазір жұрт азық-түлігін несиеге алып жатыр, – деді Қайрат Қылышев.

Тергеу кезінде қамауда жатқан белсенділер сотқа Zoom қосымшасы арқылы ЛА-155/18 түзету мекемесінен қатысты. Қалған айыпталушылар мен қорғаушылар онлайн қатысты.

Қылмыстық іс 2020 жылдың соңында қозғалып, 13 белсендінің бесеуі қамауға алынды. Біреуін үйқамаққа, жетеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шығарылған. Қамауда жатқан айыптаушылар Абай Бегімбетов, Асхат Жексебай, Диана Баймағамбетова, Қайрат Қылышов, Ноян Рахымжанов денсаулығы нашарлағанын хабарлап, тергеу абақтысынан үйқамаққа алу туралы бірнеше рет өтініш тастағанымен, сот оны қанағаттандырмаған.

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, алғашында 13 белсендінің бәріне қылмыстық кодекстің "Экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу" бабымен (182-бап) қылмыстық іс қозғалған. Бірақ прокуратура полицияның бұл шешімімен келіспеген. Соңында 13 адамның төртеуіне – "экстремистік ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", тоғызына "экстремистік ұйымның ісіне араласты" деп айып таққан.

Алматының Алмалы аудандық соты 13 белсендінің ісін 27 шілдеде қарай бастаған. 28 шілде күні сот отырысына бақылаушылар мен журналистер қатыстырылмады. Сот мұны Zoom қосымшасының мүмкіндігі шектеулі екендігімен түсіндірген. Кейіннен журналистердің іске онлайн қатысуына рұқсат етіп, аудио жазуға, фото түсіруге рұқсат етті. Видео түсіруге болмайтынын ескетті.

13 белсендінің барлығы дерлік – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген адамдар.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, және Қайрат Қылышевті "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Сотқа тартылып жатқан белсенділер арасында Шыңжаңдағы туыстарын іздеп, Алматыда бірнеше рет пикет өткізген және өзге де наразылықтарға қатысқан Марат Құрбанов та бар.

Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, белсенділер "бейбіт наразылыққа қатысқаны, оған шақырғаны, былтыр астанадағы тергеу абақтысында көз жұмған марқұм белсенді Дулат Ағаділдің асына қатысып, оның отбасына қолдау көрсеткені, Қазақстан билігін сынағаны, саяси тұтқындар мен олардың отбасына қолдау көрсетіп, адам құқығы мәселесін қозғап, саяси тұтқындарды босатуды талап еткені үшін" қуғындалып отыр.

Шілде айының басында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.

Қазақстанда жоғарыда аталған екі ұйымға қатысты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG