Accessibility links

Компания "миллиардерлер ТЖ тікұшағын пайдаланып, жұрт көмексіз қалды" деген ақпаратқа түсініктеме берді


Қазақстандық және ресейлік миллиардерлер байқалған "Бәсе" YouTube-арнасы таратқан суреттердің бірі. Скриншот. Қазан айы, 2021 жыл.
Қазақстандық және ресейлік миллиардерлер байқалған "Бәсе" YouTube-арнасы таратқан суреттердің бірі. Скриншот. Қазан айы, 2021 жыл.

Төтенше жағдай министрлігіне қарасты "Қазавиақұтқару" АҚ интернетте тараған видеоға байланысты түсініктеме берді. 8 қазанда "Бәсе" телеарнасы "төтенше жағдай министрлігінің тікұшағын қазақстандық және ресейлік миллиардерлер пайдаланып, соның салдарынан Атырау облысында аяғы ауыр әйел мен ауыр сырқатқа ұшыраған мүгедек адам көмексіз қалды" деп хабарлаған. Видеода байлардың ТЖМ тікұшағын пайдаланғаны үшін министр Юрий Ильинге ақша төлегені айтылады.

"Қазавиақұтқару" компаниясы 12 қазанда Азаттық тілшісіне жолдаған ресми жауабында миллиардерлердің мемлекет тікұшағын жалға алғанын растайды. Бірақ жұрт көмексіз қалды деген ақпаратты терістеген.

"Атырау облысында санитарлық авиацияның тікұшағы аяғы ауыр әйел мен ауыр сырқатқа ұшыраған мүгедек адамға уақытында бармады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сол күні Атырау облысында санавиацияға өтініш келіп түспеген" делінген ресми жауапта.

Компанияның айтуынша, тікұшақ қызметін көрсету өкілеті бар "Қазавиақұтқару" компаниясы Қазақстан заңнамасымен тыйым салынбаған кез келген қаржы көзін пайдалануға хақылы.

"Халық мүддесі үшін мемлекеттік органдардың өтінішімен ұшу әрдайым басымдыққа ие болатынын атап өткен жөн. Биыл 7 қазанда Astana Business Aviation компаниясынан (авиация қызметін көрсететін жеке компания) өтініш келіп түсті, әуе кемесі ережеге сай белгіленген тариф бойынша жолаушыларды жеткізді" делінген жауапта.

2002 жылы құрылған "Қазавиақұтқару" АҚ табиғи апат кезінде жедел көмек көрсетуді көздейтін мемлекетке тиесілі компания.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG