Accessibility links

Қарағанды соты белсенді Бақтыбаевтың өлімінен соң шыққан ақтау үкімінің күшін жойды


Kazakhstan - Activist from Atasu Galy Baktybaev with his son.
Kazakhstan - Activist from Atasu Galy Baktybaev with his son.

Қарағанды облыстық сотының аппеляциялық алқасы белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты шыққан ақтау үкімінің күшін жойды. Осыған дейін сот белсенді Бақтыбаевты тапсырыспен өлтірді деп айыпталған бірнеше адамды ақтаған еді.

Белсендіні 2019 жылы 28 мамырда Атасу кентіндегі өз үйінің табалдырығында атып кеткен еді.

12 қазанда ақылдасуға кеткен сот алқасы кешкісін шешімін оқыды. Апелляциялық инстанция қылмыстық істі Қарағанды сотына қайта қарауға жіберді. Шешімге сай, істі басқа судья мен сот алқасы қарауы тиіс. Аппеляциялық алқаның шешімі бірден күшіне енеді. Белсенді өліміне байланысты істі болған Атасудың төрт тұрғыны – кәсіпкер, экс-полицей және бұрын сотталған екі ер адам енді қайта сотқа тартылады.

— Апелляциялық инстанция іс бойынша дәлелдерге баға бермейді, тек сот алқасын іріктеудегі заңдылықты және қылмыстық істің жүргізілу тәртібін қарайды. Сот алқасын іріктегенде заң бұзылған, осыдан соң сот шешімді заңсыз құраммен қабылдаған. Сондықтан сот үкімін жою шешімі қабылданды, - деп жазылған апелляциялық алқаның қаулысында.

Сот жәбірленуші тараптың және прокурордың үкімнің күшін жою туралы өтінішін қанағаттандырды. Белсендінің әпкесі және прокурор сот алқасын іріктеу кезінде заң бұзылғанын, яғни, сот алқасындағы бір судья өзі жайлы деректерді жасырғанын, тағы бір судья үкім қабылданған кезде ақылдасу бөлмесінен шығып кеткенін айтқан еді. Олардың пікірінше, бұл әрекеттер үкімге әсер етуі мүмкін.

Ал айыпталушылардың адвокаттары іс қаралғанда және үкім шыққанда заң бұзушылық болмады деп санайды. Олар облыстық соттың аппеляциялық алқасынан үкімді күшінде қалдыруды сұрады.

59 жастағы Ғалы Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен әйгілі болған. Оның қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар оны өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен.

Ал Transparency Kazakhstan ұйымы ел үкіметін істі бейтарап әрі ашық тергеуге шақырды. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылғы 30 наурызда жарық көрген әлемдегі адам құқықтары туралы есебінде де Бақтыбаевтың қазасын атап өткен.

Тергеу органдары белсені тапсырыспен өлтірілді деген еді. Бірақ екі жылдан соң сот белсендінің өліміне айыпталғандарды ақтаған. Марқұм белсендінің әпкесі сот үкімімен келіспеген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG