12 қазанда Қазақстанда 1707 адамның анализінен коронавирус анықталды. 1958 адам Covid-тен айықты.
Қазір күніне 1500-2000 айналасында науқас тіркеліп жүр. Денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бері індеттің сәл бәсеңдегенін айтқан. Жазда індет ушыққан кезде күніне тіркелген науқастар 8 мыңға дейін барды. Адам өлімі де көп болды.
Індет басталғалы бері Қазақстанда 908 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 850 мыңы айыққан. 11 613-і қайтыс болған. 11 қазанда 29 адам коронавирустан көз жұмған.
Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павдодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр. "Жасыл аймақта" Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Қызылорда облыстары тұр. Қалғаны "сары аймақта".
Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған.
Содан бері ресми мәлімет бойынша, 77 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 11 қазанда бұл диагноз 176 адамға қойылды. 2020 жылдың 1 тамызынан бері "пневмония" 4931 науқас өліміне себепші болған. 6-ы екі күн бұрын көз жұмған.
Одан бөлек, коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.
Қазір республика бойынша 53 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,2 мың науқас стационарда жатыр.
Қазір 6,9 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.
Қазір Қазақстанда 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.
ПІКІРЛЕР