Accessibility links

Путин: Муратов Нобель сыйлығын қалқан қылып жасырынбай-ақ қойсын


"Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов.
"Новая газета" басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов.

Ресей президенті Владимир Путин Нобель сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратовты "шетел агенттері" тізіміне енгізуі мүмкін жайлы ақпаратқа пікірін айтты.

Президенттің пікірінше, "Новая газета" басылымының бас редакторы "сыйлықты қалқан қылып жасырынбауы тиіс", егер заң бұзса, ол оны құтқара алмайды деді.

Муратов жайлы сұрақ Путинге 13 қазанда Мәскеуде өткен "Ресей энергетика апталығының" пленарлық сессиясында қойылған. Бұған дейін Ресей заңы бойынша қаржылай сыйақы алған журналист шетел агенті ретінде жариялануы мүмкін екені айтылған. Муратовтың пікірінше, билік оны және "Новая газетаны" тізімге қосатындай соншалықты ақымақ емес.

Муратов – постсоветтік Ресейде Нобель сыйлығына ие болған алғашқы лауреат. Оның сыйлықты иемденгені 8 қазанда белгілі болды. Онымен бірге сыйлық филиппиндік зерттеуші журналист Мария Рессаға да берілді.

Путин алғаш рет сыйлыққа байланысты пікірін айтып тұр. Ол сыйлыққа ие болып отырған Ресейдің төртінші азаматын құттықтаған жоқ. Кремль атынан Муратовты президент баспасөз хатшысы Дмитрий Песков құттықтаған.

Путин сәрсенбі күнгі сессия кезінде Ресей оппозициясы жөнінде де пікірін айтқан.

"Тұтас алғанда бізде оппозиция бар, белсенді, билікті сынайды, сынағанда қатаң сынайды, мүмкін басқа елдерде ондай жоқ болар. Кейбір ресейлік ақпарат құралдарын қосыңызшы, бәрі анық бола қалады. Олар жұмыс істеп жатыр, ешкім оларға тиісіп жатқан жоқ, бәрі дұрыс. Одан бөлек, "Газпромнан" ақша алады. "Газпром" Еуропаға газ сатады да, оппозициялық БАҚ-ты қаржыландырады" деді ол. Путин бұл тұста "Газпром-медиа" холдингіне қарайтын радиостанцияны меңзеп отыр.

Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Навальный ісіне тоқталған Путин оның қылмысы үшін түрмеге қамалғанын айтты. Әдеттегідей ол Навальныйдың аты-жөнін айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG