Accessibility links

Бір жыл жеті айдан соң журналистер алғаш рет сенатқа кірді


Журналистер сенат ғимаратында шенеуніктерден сұхбат алып жатыр. Нұр-Сұлтан, 13 қазан 2021
Журналистер сенат ғимаратында шенеуніктерден сұхбат алып жатыр. Нұр-Сұлтан, 13 қазан 2021

14 қазанда астанада сенат отырысы алғаш рет офлайн өтіп, оған журналистер кіргізілді. БАҚ өкілдері бір жыл жеті айдан кейін бірінші рет сенат ғимаратына кіріп отыр. Бұған дейін коронавирус індетіне байланысты шектеулер енгізіліп, ақпарат құралдары үшін сенат жабық болған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сенат ғимаратына коронавирусқа қарсы вакцина салдырған, "Ашық" қосымшасында "қауіпсіз" деген жасыл түсі бар акрредитациядан өткен журналистер мен операторлар ғана кіре алады. Олар ғимарат ішінде маска тағуға, әлеуметтік қашықты сақтауы тиіс. Сенат хабарламасында бір ақпарат құралынан екіден артық адам кірмеу жөнінде өтініш айтылған.

– Карантин әлі біткен жоқ қой. Бұрын бір баспасөз орталығына 50-100 адам келетін. Қазір өкінішке қарай, әлеуметтік қашықтық сақталуы үшін БАҚ-қа "әрбір мекемеден бір кісіден келсін" деп отырмыз, – деді сенат баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Рамазанов.

Қыркүйектің соңында Журналистер қауымдастығы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, БАҚ өкілдерін парламент пен үкімет ғимаратына кіргізуге үндеген еді. Олардың айтуынша, 27 қыркүйектен бастап Қазақстанда көп адам жиналатын шара өткізуге рұқсат етілген. Алайда журналистер мен БАҚ өкілдеріне қатысты ереже өзгермеген. Олар пандемия кезінде шенеуніктер мен мемлекеттік органдардың жабық бола бастағанын, олардан ақпарат алу қиындағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG