Accessibility links

Астанада Ұлттық банк басшысымен кездесуді талап еткен белсенділер мекеме баспалдағына жатып алды


"Кредитке шомылып, аяғымыз көбіктеніп кетті". "Демпартия" белсенділері ұлттық банкке барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Несие амнистиясын талап етіп жүрген "Демпартияның" жеті белсендісі 15 қазанда Нұр-Сұлтанда Ұлттық банк басшысының шығуын талап етіп, бірнешеуі мекеменің негізгі есігінің алдындағы баспалдаққа жатып алды. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, банктің орталық есігі жабылған. Оқиғаны полиция сырттай бақылап тұр. Сырттай камераға түсіріп жүрген азаматтық киім киген белгісіз адамдар да бар.

"Халықтың жағдайы қиын. Қайыршылық күйде өмір сүріп жатыр. Бәрінің мойнынан сегіз-тоғызда кредиті бар. Несие амнистиясы жариялансын. Халықтың жүз мың арызын әкелдік, соны қарастырсын" деді баспалдақта жатқан әйелдердің бірі.

Facebook желісінде кей қолданушылар оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты.

Ұлттық банк ғимаратының алдында наразылық білдірген "Демпартия" белсенділері. 15 қазан 2021 жыл.
Ұлттық банк ғимаратының алдында наразылық білдірген "Демпартия" белсенділері. 15 қазан 2021 жыл.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері келіп, наразыларға агенттік басшыларының Алматыда отыратынын, талаптарын сол жерге барып айтуын сұрады. Бірақ наразылар Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың шығуын талап етті. Наразылық кезінде "Назарбаев кетсін!" деген ұран да көтерілді. Банк өкілдері оларға Досаевтың кездесуде екенін айтты.

Есіл ауданы әкімдігінің өкілі келіп, белсенділерге шараның заңсыз екенін айтып, ескертті. Түстен кейін наразылар "Несие кешірілсін!" деген жазуы бар плакаттарды жайды.

Ұлттық банкке адамдар жанама есіктер арқылы кіріп шығып жатыр.

"Демпартия" белсенділерінің Алматыдан астанаға келгеніне бірнеше күн болды. Олар билікке бес түрлі талап қойған. Атап айтқанда:

  • коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру;
  • жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
  • белсенділер жинаған 100 мың өтінішті қарап, мәселелерін шешу;
  • өкілетін асыра пайдаланған коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
  • шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.

Белсенділер осы аптада бірінші рет Ұлттық банк алдына 12 қазанда барған. Кейін сол үшін бірнеше әйелге "Ұсақ бұзақылық" бойынша айып тағылып, айыппұл салынды. Аружан Дүйсебаева (бес күн) мен Әйгерім Тілеужан (екі күн, 14 қазанда босап шыққан) қамалған.

Қарай отырыңыз: "Демпартия" несиеге амнистия талап етіп, Ұлттық банкке барды (12 қазан 2021 жыл).

"Демпартия" несиеге амнистия талап етіп, Ұлттық банкке барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

"Демпартия" өкілдері несие амнистиясын бұған дейін де талап еткен. "Кейбір адамның 4-5 несиесі бар. Адамдар оны амалсыздан алды. Кейбірі оқу ақысын, кейбірі пәтерақысын төлеу үшін алған. Ал төлей алмағандардың мүлкін, картасын банк бұғаттап жатыр" деп мәлімдеп, халық қарызын кешіруді талап еткен еді. 2019 жылы президент жарлығымен 500 мыңнан астам адамның 300 мың теңгеге дейін несиесі кешірілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG