Accessibility links

ДДСҰ індетке байланысты туберкулезден қайтыс болғандар көбейгенін айтты


Былтыр 2019 жылмен салыстырғанда туберкулезден көп адам қайтыс болды, ал оны емдеуге бөлінген қаражат қысқарды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) есебінде осындай қорытынды жасалған.

"COVID-19 індеті түбіркүлезбен ұзақ жылғы күрестің нәтижесін кемітті, ондаған жылда алғаш рет осы аурудан қайтыс болғандар көбейді" делінген есепте.

ДДСҰ сарапшыларының пікірінше, мәселенің түбірі туберкулезбен күресуге бағытталған ресурстың қысқаруында болып отыр. Көптеген ел аталған ауруды емдеу үшін бөлінген қаражатты коронавируспен күреске бағыттаған.

"Індетке байланысты негізгі медициналық қызмет түрлерінің кідіруі туберкулезбен ұзақ жылғы күрес нәтижелеріне нұқсан келтіруі мүмкін деген болжамды зерттеулер растады" деді ДДСҰ жетекшісі Тедрос Гебрейесус.

ДДСҰ мәліметінше, 2020 жылы туберкулезден шамамен 1,5 млн адам қайтыс болған. Көп адам өлімі негізінен 30 ел, арасында Үндістан, Индонезия, Филиппин, Қытай да бар, тіркелген. Тізімде Қазақстан жоқ.

ДДСҰ болжамынша, ауруды жұқтырғандар мен қайтыс болғандар 2021 және 2022 жылдары әлдеқайда көбеюі ықтимал.

Халықаралық ұйым дерегінше, қазір шамамен 4,1 млн адам туберкулезге шалдыққан, бір жылда көрсеткіш 2,9 млн-ға көбейген.

ДДСҰ есебінде туберкулезбен күрес шараларын дереу қалпына келтіру жөнінде үндеу де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG