Accessibility links

Маңғыстау облысында вакцинаның жалған паспортын сатып алған әйел қайтыс болған


Маңғыстау облысында өзіне коронавирусқа қарсы вакцинаның жалған паспортын жасап алған әйел реанимацияда көз жұмды. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасарына сүйенген "Қазақпарат" агенттігі хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың сөзіне қарағанда, марқұм өзге аймақта болып, сол жақта "вакцина салдырған".

"Әрине, бұл жерде екі жаққа да сұрақ бар. Біз өз-өзімізді алдап отырмыз. Вакцина салдырудан қорқатындар болады" деді шенеунік.

Ол қазір екпе пунктерінде бақылау камералары орнатылғанын айтты.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында бұған дейін вакцинаның жалған паспортын жасау бойынша бір факт тіркелген.

"Полиция департаментінің дерегінше, Ақтау қаласында №1 поликлиникада осындай факт тіркелген. Өкінішке қарай, оған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қатысы бар болып шықты. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Өзге факт анықталған жоқ" деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, биыл Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырғандар былтырмен салыстырғанда бес есеге көбейген. Індет басталғалы бері облыста шамамен 23 мың адам коронавирусқа шалдыққан. 19,3 мыңы биыл тіркелген. 14 мың адам стационарда емделген. Коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы компонентін алғаннан кейін 89 адам Covid'ке шалдыққан. Екі дозасын алғандар арасында 65 адам стационарда емделген.

Билік тұрғындарды вакцина алуға міндеттей бастағаннан кейін вакцинаның жалған паспорты жайлы ақпараттар жиілей бастаған. Вакцина алмағандар жұмыссыз қалуы мүмкін.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі заңнамада жалған құжат жасау бойынша 4 жылға дейін түрме жазасы қарастырылғанын, оны пайдаланғандар 40 күнге дейін қамалуы мүмкін екенін ескерткен.

19 млн халқы бар Қазақстанда 7 млн адам вакцинаның толық дозасын алған. Олардың қаншасы жалған паспорт пайдаланатыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG