Accessibility links

Оралда наурыздан бері алғаш рет билік рұқсат еткен пикет өтті. Тақырыбы – саяси реформалар


Орал тұрғыны Сандуғаш Мұхамбетжанова қала орталығында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 16 қазан 2021 жыл.
Орал тұрғыны Сандуғаш Мұхамбетжанова қала орталығында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 16 қазан 2021 жыл.

16 қазанда Орал тұрғыны Сандуғаш Мұхамбетжанова қала орталығында жалғыз адамдық пикет өткізді. Бұған дейін әкімдік наурыз айынан бері алғаш рет бейбіт жиын өткізуге рұқсат берген. Ол саяси реформаны, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасыларды қолдауды, коронавирусқа қарсы вакцинаны мәжбүрлеп салдырмауды талап етті.

Сенбі күні таңертеңгі сағат онда Мұхамбетжанова қоларбадағы мүгедек баласымен бірге әкімдік маңындағы Абай алаңына келді. Ол "Жемқорлық пен алаяқтығы үшін "Нұр Отан" партиясы қылмыстық жауапкершілікке тартылсын!", "Қарны тоқ 1 нұротандық – бұл зейнетке жете алмаған 30-дан астам қарт адам. 55 жастан бастап зейнетке шығарсын" деген жазуы бар плакаттарды жайды.

— Менің төрт балам бар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған анамын. Өзімді мазалаған мәселелерді қозғау үшін бүгін алаңға келдім. Мәжбүрлі вакциналау, азаматтық белсенділерді қудалау, Қазақстан тұрғындарының әлеуметтік тұрғыда қорғалмауы атап айтқанда, көп балалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналардың жағдайы алаңдатады, – деді Мұхамбетжанова.

Ол мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар кезігіп отырған мәселелерді қозғады, мемлекет тарабынан көмектің мардымсыздын алға тартып, өзге аналарды өз құқықтарын қорғауға шақырды.

Саяси реформаларды талап еткен Сандуғаш Мұхамбетжанова Батыс Қазақстан облысында азаматтық белсенділігі үшін азаматтардың қудаланып жатқанын да айтты.

— Орынбай Оқасов, Маруа Ескендірова, Бекболат Өтебаев, Амангелді Оразбаев — митингіге шығып, пікірлерін ашық айтқаны үшін қуғындалып, қамалды, аңдуға ұшырады, — деді әйел.

Акция шамамен бір сағатқа созылды. Орал қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің үш қызметкері шараны сырттай бақылап тұрды. Олар акцияның өтуіне кедергі жасаған жоқ, бірақ заң бұзбауды ескертті.

Орал қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Көшековтің Азаттыққа айтуынша, карантин шараларының әлсіреуіне байланысты жалғыз адамдық пикетке рұқсат берілген.

Жалғыз адамдық пикет өткізу туралы хабарламаны бірнеше белсенді берген, бірақ олар рұқсат ала алмады. Көшековтің түсіндіруінше, Сандуғаш Мұхамбетжанова хабарламаны сенбі күні таңертеңге берген.

— Бір күнде дәл бір орында бірнеше акцияны өткізуге тыйым салынған, сол себепті оларға рұқсат етілмеді, — деп түсіндірді Көшеков.

Орал қаласында биыл алғашқы 8 айда белсенділер бейбіт акция өткізу туралы 40 шақты хабарлама берген. Бірақ олардың ешқайсысы қанағаттандырылмады.

Қарай отырыңыз: Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді (3 тамыз 2021 жыл).

Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

Орал қаласының билігі наурыз айынан бері алғаш рет акция өткізуге рұқсат беріп отыр. Оның алдында билік рұқсат еткен митинг 28 ақпанда өткен.

Былтыр қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң акцияны ұйымдастырушыларды жергілікті әкімдікке ескерту жасап, "мақұлдауды" күтуге міндеттейді. Аталған заңға сәйкес, шаралар тек арнайы белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Мұндай орындар көбіне елді мекен орталықтарынан алшақ жерлерде орналасады. Әкімдікпен келісілмеген шаралардың барлығы "заңсыз" деп саналады, оған қатысушылар сотталады.

Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар аталған заң қазақстандықтардың конституциялық құқығын шектейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG