Accessibility links

Қандағар мешітіндегі жарылыстан қаза тапқандар жерленді


Қандағар мешітіндегі жарылыстан қаза тапқандарды жерлеу рәсімі.
Қандағар мешітіндегі жарылыстан қаза тапқандарды жерлеу рәсімі.

16 қазан күні Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар қаласында шиит мешітіндегі жарылыс кезінде қаза тапқан 40-тан астам адамның жаназасы шығарылды. Жарылыс содан бір күн бұрын жұма намазы кезінде болған.

"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының Хорасан тобы 15 қазандағы шабуылды өз мойнына алды.

Лаңкестік топтың мәлімдеуінше, мешітті екі жанкешті жарған. Олар жұма намазы кезінде мешіттің екі жағында болған.

"Бірінші жанкешті жарылғыш белбеуін мешіттің дәлізінде, екіншісі мешіттің қақ ортасында іске қосқан" делінген Хорасан тобының Telegram желісінде жарияланған мәлімдемесінде.

16 қазан күні денсаулық сақтау министрлігінің өкілі жарылыстан 41 адам қаза тапты, 70 адам жарақаттанды деп мәлімдеді. Бірақ опат болғандар саны бұдан да артуы мүмкін. "Жарақат алғандардың кейбірі ауыр халде, біз оларды Кабулға жеткізуге тырысып жатырмыз" деді ол Reuters агенттігіне.

Қандағардағы жарылыс елдің солтүстігіндегі Құндыздағы шабуылдан бір апта өткен соң болып отыр. Ол жерде де жанкешті шабуылы шиит мешітінде болған. Салдарынан ондаған адам мерт болған. Хорасан тобы оны да өз мойнына алды.

Ауғанстандағы сунниттік "Талибанға" қарсы күресіп жүрген сунниттік Хорасан тобы шиит мұсылмандарын "діннен безген" (апостат) санайды.

Лаңкестік топ тәліптер билікке келгелі шиит мұсылмандарына қарсы бағытталған бірнеше қанды шабуылды өз мойнына алды. Топ "Талибан" сарбаздарына да шабуылдаған.

"Талибанның" баспасөз хатшысы Біләл Карими Қандағар мешітіндегі жарылыстың тергеліп жатқанын айтты.

Осыған дейін тәліптер "Ислам мемлекеті" тобынан төнген қауіпті болмашы етіп көрсетуге тырысқан. Бірақ жарылыстар тізбегі "Талибанның" сөзін жоққа шығарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG