Ресейдің Екатеринбург қаласында контрафакт алкоголь ішіп, уланудың салдарынан кемі 18 адам көз жұмды. Ішімдіктің құрамында улы метил спирті болған.
Тергеу дерегіне қарағанда, улы алкоголь 7-14 қазан аралығында сатылған. Екі күдікті ұсталып отыр. Абайсыздықта екі не одан көп адамның өліміне әкелген қауіпті тауар мен өнімді сату бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Мұның алдында Екатеринбургтегі жаппай улануды "Ұлттық бақылау" жобасының үйлестірушісі Дмитрий Чукреевке сілтей отырып ТАСС агенттігі хабарлаған. Чукреев ол кезде 16 адамның өлімі туралы айтқан.
Чукреевтің сөзінше, алкоголь сауда орнында шөлмекке құйылып сатылған. Сатушы ұсталған.
Адамдардың өлімі 11 қазаннан бастап тіркеле бастады деді Чукреев.
Екі апта бұрын Ресейдің Орынбор облысында осыған ұқсас жағдай болған. Ол жерде де сапасыз алкольден уланған 35 адам қайтыс болған. Кейінірек олардың да метанолмен уланғаны белгілі болды.
2016 жылы Иркутск қаласында құрамында метанол бар ішімдіктен 76 адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР