Accessibility links

АҚШ дрон шабуылынан қаза тапқан ауғандардың туыстарына өтемақы ұсынды


32 жастағы Амал Ахмади дрон шабуылы кезінде қаза тапқан бауыры Земерей Ахмадидің суретін көрсетіп тұр. Кабул, 13 қыркүйек 2021 жыл.
32 жастағы Амал Ахмади дрон шабуылы кезінде қаза тапқан бауыры Земерей Ахмадидің суретін көрсетіп тұр. Кабул, 13 қыркүйек 2021 жыл.

АҚШ қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы дрон шабуылынан қаза тапқан 10 адамның туыстарына өтемақы ұсынғанын айтты. Шабуыл тамыздың соңында Батыс әскері елден шығуға таяп қалғанда болған.

Қорғаныс министрлігі сондай-ақ Мемлекеттік департаментпен жұмыс істеп, опат болғандардың туыстарын АҚШ-қа әкелу мәселесін қарастырыып жатыр. Бұл туралы Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирби айтты.

Әскери дрон Nutrition & Education International (NEI) үкіметтік емес ұйымының қызметкері Земерай Ахмадидің көлігіне зымыран түсіріп, салдарынан Ахмади мен оның 10 туысы мерт болған. Олардың жетеуі – бала.

NEI жетекшісі Стивен Квон Ахмадидің үкіметтік емес ұйымда көп жыл жұмыс істегенін, "өлім деңгейі жоғары Ауғанстанда адамдарға көмек көрсетумен айналысқанын" айтты дейді Кирби.

Кирби өтемақыны қандай көлемде екенін нақтыламады. Ол Ахмади мен оның қаза болған туыстары жазықсы екенін, олардың "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қатысы жоқ екенін, яғни АҚШ күштеріне қауіп төндірмегенін айтты.

Дрон шабуылы 29 тамыз күні АҚШ әскері Ауғанстаннан кетуге асығып жатқан болған. Содан үш күн бұрын Кабул әуежайында ірі жарылыс болып, 170 ауған азаматы, 13 АҚШ сарбазы опат болған. Жарылысты "Ислам мемлекеті" ұйымының Хорасан тобы мойнына алған.

АҚШ қорғаныс министрлігі сол кезде "сенімді барлау дерегіне" сүйеніп, Хорасан тобының тағы да шабуыл ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын, дрон шабуылы соның алдын алу үшін болғанын айтқан. Бірақ кейіннен New York Times зерттеуі АҚШ әскері Хорасан тобының адамы деп тапқан Земерай Ахмадидің шын мәнінде АҚШ ұйымына жұмыс істейтін ауған азаматы екенін, сол күні жұмыс шаруаларымен жүргенін анықтаған. Осыдан кейін АҚШ әскері орталық аппаратының басшысы генерал Кеннет Маккензи қателік кеткенін мойындап, кешірім сұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG