Accessibility links

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы, генерал Колин Пауэлл қайтыс болды


Колин Пауэлл.
Колин Пауэлл.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы, әскери басшы, штаб жетекшілері біріккен комитетінің жетекшісі Колин Пауэлл 84 жасында қайтыс болды. Оның отбасы Facebook желісінде Пауэлдің коронавирустан көз жұмғанын хабарлады. Оған коронавирусқа қарсы вакцина салынса да, вирус жұққан.

Әскери салада қызмет істеген генерал Колин Пауэлл Вьетнам соғысына қатысқан. Рональд Рейган тұсында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президент кеңесшісі болды. Ол қара нәсілділерден осы лауазымға тағайындалған алғашқы Америка азаматы. Джорд Буш президент болып тұрған кезде штаб жетекшілері біріккен комитетін басқарды. Кіші Джордж Буш тұсында мемлекеттік хатшы болды.

Ол іс жүзінде Америка әскерінің 1991 жылы аяқталған "Шөлдегі дауыл" операциясына жетекшілік жасаған. Осы операцияның нәтижесінде Саддам Хуссейн әскері жеңіліске ұшырап, Кувейт бостандыққа қол жеткізді.

2000-жылдары мемлекеттік хатшы міндетін атқарған Пауэлл халықаралық қауымдастықты АҚШ-тың Ирактағы әскери операциясын қолдауға көндіруге тырысты. Ол Саддам Хуссейн режимін адамдарды жаппай қырып-жоятын қауіпті қару сақтады деп айыптады.

Ресейдің ресми тұлғалары оны әлі күнге дейін БҰҰ-да "Иракта табылған биологиялық қаруды пробиркамен әкеп көрсеткендей кейіп танытты, шын мәнінде пробирка ішінде қару жоқ" деп айыптайды. Пауэлдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында пробирканы көрсеткені анық, бірақ ол "пробирка ішінде Ирактың биологиялық қаруы бар" деп тұжырымдаған жоқ. Ол соның көмегімен адамдарды жаппай қырып-жою үшін қарудың бір ғана пробиркасы жеткілікті деп көрсеткісі келген.

Мемлекеттік хатшы болып тұрған тұста Пауэлл АҚШ-тың өз ішінде жиі сынға ұшырады. Кіші Джордж Буш екінші мерзімге сайланған кезде қызметінен кетті.

Бірнеше сайлауда Пауэлл президенттікке түсетін кандидат ретінде қарастырылған, бірақ сайлауға түсуден бас тартты. Республикашыл Пауэлл Трамп саясатынан өзін алшақ ұстауға тырысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG