Accessibility links

"Демпартия" белсенділері Ұлттық банк алдында қонып шықты


Ұлттық банктің алдында наразылық жасап жатқан белсенділер. Олардың айтуынша, сәлден соң қызметкерлер банкті темір шарбақпен қоршаған. 18 қазан 2021 жыл. Сурет Әйгерім Тілеужанның Facebook парақшасынан алынды.
Ұлттық банктің алдында наразылық жасап жатқан белсенділер. Олардың айтуынша, сәлден соң қызметкерлер банкті темір шарбақпен қоршаған. 18 қазан 2021 жыл. Сурет Әйгерім Тілеужанның Facebook парақшасынан алынды.

Нұр-Сұлтанда несие амнистиясын талап етіп жүрген "Демпартия" белсенділері 19 қазанға қараған түні Ұлттық банк алдында қонып шықты. Бұл жөнінде белсенділердің өздері хабарлады.

- Бұлар кеше орталық кіреберісті темір шарбақтармен қоршап тастады. Бұған дейін есікті магнитпен кіретіндей қып қойған. Түнде олар баспалдақты жуа бастады. Жуғанда шелекпен суық су құйды. "Экспода істейтінін" айтқан бір жігіт келіп, бізге жаны ашыса керек, ыстық шәй әкеп берді. Түн суық болды. Бізді аңдып отырған жігіттер көліктерінде отырды, – деді ол белсенділердің бірі Әйгерім Тілеужан Азаттық тілшісіне.

Әлеуметтік желідегі видеолардың бірінде белсенділердің жылыну үшін билеп жүргені көрінеді. Ар жағында банк жұмысшылары кіреберістегі баспалдақты жуып жатыр.

Әйгерім Тілеужанның айтуынша, 18 қазанда олар президент әкімшілігі өкілімен кездескенмен одан нәтиже шықпаған. Олар акцияны бүгін, 19 қазанда да жалғастыратынын айтып отыр. Банктің орталық кіреберісі қоршалғандықтан әзірге акцияның нақты қай жерде өтетіні белгісіз.

"Демпартия" белсенділерінің Алматыдан астанаға келгеніне бірнеше күн болды. Олар билікке бес түрлі талап қойған. Атап айтқанда:

  • коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру;
  • жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
  • белсенділер жинаған 100 мың өтінішті қарап, мәселелерін шешу;
  • өкілетін асыра пайдаланған коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
  • шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.

Бұған дейін олар Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымованың шығуын талап еткен. Алайда олар наразылар алдына шықпады.

Тіркелмеген партия өкілдері бірінші рет Ұлттық банк алдына 12 қазанда барған. Кейін сол үшін бірнеше әйелге "Ұсақ бұзақылық" бойынша айып тағылып, айыппұл салынды. Аружан Дүйсебаева (бес күн) мен Әйгерім Тілеужан (екі күн) қамалған. 15 қазанда кешке қарай оларды полиция тағы ұстаған. Шамамен екі сағаттан кейін босатқан.

Қарай отырыңыз: "Кредитке шомылып, аяғымыз көбіктеніп кетті". "Демпартия" белсенділері ұлттық банкке барды (15 қазан 2021 жыл).

"Кредитке шомылып, аяғымыз көбіктеніп кетті". "Демпартия" белсенділері ұлттық банкке барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG