Accessibility links

Зейнеттегі әскерилер үкіметтен баспана үшін ақшалай өтемақы талап етеді


Әскери зейнеткерлер мен қорғаныс министрлігі өкілдерінің кездесуі. Нұр-Сұлтан. 20 қазан 2021 жыл.
Әскери зейнеткерлер мен қорғаныс министрлігі өкілдерінің кездесуі. Нұр-Сұлтан. 20 қазан 2021 жыл.

20 қазанда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның әр аймағындағы гарнизондарда қызмет еткен бұрынғы әскерилер қорғаныс министрлігі өкілдерімен, парламент депуттарымен кездесіп, әскери қызмет өтілі үшін өтемақы төлеуді талап етті.

Жиынға Қазақстанның әр аймағынан баспанасыз әрі өтемақысыз қалған 371 зейнеткер әскери келген. Олармен кездесуге қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов, генерал-майор Серік Бұрамбаев, мәжіліс депутаты Сергей Решетников қатысты.

55 жастағы Нәдия Қожамбердиева Алматы облысындағы Жаркент гарнизонында 15 жылға жуық әскери қызметте болғанымен, зейнетке шыққанда не баспана, не өтемақыға қол жеткізе алмағанын айтады.

Сөзінше, күйеуі де 17 жыл еңбек өтілі бар әскери қызметкер. Ол өзіне қорғаныс министрлігі баспана ретінде ұсынған құлағалы тұрған жатақхананың суретін көрсетіп, бұрынғы әскерилердің үйсіз-күйсіз жүргенін айтты.

- Мынау – сіздер ұсынып отырған жатақхана. Іргетасы үгіліп жатыр, ескі. Неге біз басқалар тәрізді тиесілі ақшамызды ала алмаймыз? Неге бізді далаға лақтырып, "бомж" қылып отырысыздар? Ертең біз өлсек, біздің баламызға қорғаныс министрлігі қарай ма? Сегіз жылдан бері қақпаған есігіміз жоқ. Өтемақымызды беріңіздер, соған жер үй сатып алып, екі түп алма ағаш болсын егіп, үш тауық өсіріп, жанымды баққым келеді, немерелерімді ойнатқым келеді, - деді отставкадағы аға сержант Нәдия Қожамбердиева.

Тағы бір әскери Ізбасар Айтанов "Кейбірімізге қызметтік үйді сатып алуды ұсынады. Бағасы 30 миллион теңге. Оны қалай сатып аламыз? Бір балам мүгедек. Маған одан да әскери қызмет еткен жылдарым үшін пропорционалды түрде өтемақы төлесін, басқа ештеңе сұрамаймыз" деді.

Қорғаныс министрлігінен келгендер бұрынғы әскери қызметкерлерге ештеңе ұсына да, талаптарын терістей де алмады.

- Қорғаныс министрлігі ретінде өтемақыны төлеп, мәселені шешкіміз келеді. Бірақ үкімет мұны қолдамай отыр. Сіздерге өтемақы төлеуге заң мүмкіндік бермейді. Сондықтан хаттама түрінде рәсімдеп, қайтадан үкімет алдына ұсыныс жасайық, - деді генерал Мұхамеджан Таласов.

Бірақ зейнеткер әскерилер бұл жауаптың көңілдерінен шықпағанын айтады. Олар отбасы мүшелерінің санына қарай қызмет өтілі жылдарына пропорционалды түрде ақшалай өтемақы сұрады. Зейнеттегі әскерилер өтемақы Қазақстандағы жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасына сай есептелсін дейді.

Бұл талапты Қазақстан қарулы күштері қатарынан қызметтен босатылып, баспанасыз жүрген зейнеткерлер бірнеше жылдан бері қойып келеді. Олар 2019 жылы да қазіргі "Тұрғын үй мәселелері туралы" заңға қаржылай өтемақы төлеу жөнінде өзгертулер енгізуді сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған және митингіге де шыққан. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG