Accessibility links

"Саяси тұтқын" Қайрат Қылышев түрме ауруханасына түсті


Азаматтық белсенді Қайрат Қылышев 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуды талап етіп тұрған шарада. 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Қайрат Қылышев 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуды талап етіп тұрған шарада. 2019 жыл.

"Саяси тұтқын" Қайрат Қылышевтің екі бүйрегіне суық тиіп, түрменің медициналық бөліміне жатқызылды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

"СИ-18 мекемесі суық болғандықтан бүгін (20 қазан - ред.) Қайрат Қылышевтің екі бүйрегінен приступ ұстап, медициналық бөлімге жатқызылды" деп жазды құқық қорғаушы.

Қайрат Қылышевтің әйелі Жанар Сарықұлованың айтуынша, құқық қорғаушы жазбасынан кейін 20 қазанда кешке қарай түрме әкімшілігі күйеуімен телефон арқылы сөйлестірген.

"Кеше Қайратқа бастықтың кабинетінен хабарласқызыпты. "Бәрі жақсы, уайымдамаңдар" деп айтсын деп. "Жақсы қарап жатыр" деді. Дәрі-дәрмектердің атын жазып алдым. Енді соларды апарамын. Ауруы қатты асқынып кетпеген сияқты" деді ол Азатттық тілшісіне.

Оның айтуынша, күйеуі бұрын бүйрек ауруына шағымданған емес. "Бірінші рет осындай ауруы жөнінде айтып отыр" деді әйелі.

21 қазанда түрме бастығының орынбасары Азамат Аманжолов Азаттық тілшісіне “Қылышевтің бізге шағымы жоқ, өзін арнайы қабылдадым” деді. Бірақ мекеме өкілдері “түрмеде жылу жүйесі істеп тұр ма?” деген сұраққа нақты жауап бермеді.

Қайрат Қылышев – "тыйым салынған ұйым ісін ұйымдастырды және араласты" деп айыпталып, (405-бап, 1,2 бөлімдері) жақында бес жылға бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Елдегі наразылық шараларына қатысып, пікірін ашық айтып жүрген Қылышев 2020 жылы тамыздың соңында өзге де белсенділермен бірге ұсталған. Содан бері ол қамауда отыр. Әйелінің айтуынша, қазір адвокаты апелляциялық шағым әзірлеп жатыр.

Құқық қорғаушылар Қайрат Қылышевтің азаматтық белсенділігі үшін қудаланғанын айтып, "саяси тұтқын" деп таныған.

(Жаңалықты әзірлеуге Манас Қайыртайұлы атсалысты).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG