Accessibility links

Бестөбедегі экобелсенділер қылмыстық іс бойынша күдіктілер қатарына өткенін хабарлады


Бестөбе ауылының кіреберісі. Ар жағында жергілікті халық ашылуына қарсы жаңа байыту фабрикасы.
Бестөбе ауылының кіреберісі. Ар жағында жергілікті халық ашылуына қарсы жаңа байыту фабрикасы.

Ақмола облысында "Қазақалтын Technology" байыту фабрикасын ашуға қарсы Бестөбе ауылының экобелсенділері полицияның оларды "қорғануға құқығы бар куәгер" статусынан "күдіктілер" қатарына ауыстырғанын хабарлады. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оларға "Әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша қозғалған (174-бап) іс жөнінде де айтқан.

53 жастағы Александра Назаренконың айтуынша, полиция оған іс бойынша күдіктілер қатарына өткенін хабарлаған кезде әйелдің жағдайы нашарлап кеткен. Бұдан соң тергеуді кейінге шегеруге мәжбүр болған. Одан бөлек, оны "алауыздық" туралы қылмыстық іспен таныстыру үшін полицияға шақырған. Соның салдарынан аурулары асқынып, қан қысымы көтерілген.

- Айыппен келіспеймін. Бізді қай жаққа тыққысы келетінін білмей отыр. Енді қандай да бір "әлеуметтік алауыздық" жайлы айтады. Біз қылмыстық іске тартатындай ештеңе істеген жоқпыз. Заңға қайшы ештеңе жасаған жоқпыз. Экология үшін күресіп, құқығымызды қорғадық. Бары сол. Конституция бойынша да, Орхус конвенциясы бойынша да қолайлы қоршаған ортада өмір сүруімізге құқығымыз бар. Жағдайым нашарлағаннан кейін тергеу кейінге шегерілді. Бұл баппен келіспейінімді айтып, қағаз жазып бердім, – деді Назаренко Азаттыққа.

"Қазақалтын" компаниясымен байланыс орнату жөніндегі жұмыс тобының құрамында бар белсенді Николай Катчиевке де полицияға шақырту қағазы берілген.

Ұлы сырқаттанып қалғандықтан ол полицияға бара алмаған. Катчиевтен әзірге 174-бап бойынша сұрақ-жауап алынбаған, алайда қыркүйек басында полиция оның үйін тінту үшін балалар бөлмесінің терезесі арқылы үйге кірген.

"Мұнымен іс тоқтай қоймайды. Жұмыс тобының мүшелері билікке халықты алаңдатып отырған мәселелерді ғана жеткізуге тырысты. Мұндай амалға барып жатқаны өкінішті" деді Бестөбе белсендісі Николай Катчиев.

Азаттық тілшісі Ақмола облыстық полиция департаментіне арнайы сауал жіберіп, төмендегідей сұрақтарға жауап беруді сұраған:

  • 174-бап бойынша қозғалған іске қанша адам тартылған және олардың мәртебесі қандай?
  • Олардың қай әрекеті "алауыздық қоздыру" ретінде бағаланып отыр?
  • Бірнеше қылмыстық бап бойынша зерттеліп жатқан іске Бестөбенің қанша тұрғыны тартылған? Олардың арасында қанша күдікті және қанша қорғану қорғануға құқығы бар куәгер бар?

Материал шыққанға дейін полициядан жауап түспеді.

Экологиялық ахуалы нашар Бестөбе елді мекенінің тұрғындары бұған дейін кәсіпорынға қарсы еместігін, бірақ оның тұрғын үйлерге тым жақын орналасқанына қарсы екенін жеткізген.

"Қазақалтын" концерніне еншілес "Қазақалтын Technology" компаниясы бұрын Азаттық тілшісіне фабриканы көшіруге себеп те, мүмкіндік те жоқ деп мәлімдеген. Фабрика биыл қазан айында ашылуы тиіс деп хабарланған. Бұған дейін компания полицияға "Бестөбе ауылындағы бастама тобы өкілдеріне қатысты шара қолдануды" сұрап, шағымданған. Шағым түсірушілердің сөзіне қарағанда, жұрт "фабрика жұмысы туралы жалған ақпарат таратып, соның салдарынан тұрғындар фабрика жұмысына наразы болған, кәсіпорын жұмысы тоқтаған".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG