Accessibility links

Беларусь телеарнасы Лукашенконы індет кезінде "бункерге тығылған президенттермен" салыстырды


Александр Лукашенко
Александр Лукашенко

Беларусьтің мемлекеттік СТВ телеарнасының жүргізушісі Евгений Пустовой "Политика без галстуков и купюр" деп аталатын хабарында Александр Лукашенконы өзге елдердің коронавирус індеті кезінде "бункерге" тығылған жетекшілерімен салыстырды.

Жүргізуші Лукашенконы "індет кезінде халықтан қашып, бункерге тығылмаған, министрлер мен журналистерден телеконференциямен емес, тікеелй сөйлескен жалғыз президент" деп сипаттады. Оның сөзінше, Беларусь "ойсыз карантин, локдаун жарияламай-ақ» індеттен өткен. Пустовой Лукашенконы "ұйқысыз өткен түндері мен уайымы жүзінен көрініп тұр. Ол ботокс пайдаланбайды" деп суреттеді.

Жүргізуші нақты қай президентпен салыстырғанын айтқан жоқ.

Ресей оппозионерлерінің "бункер" мен "ботокс" деген сөздерді Ресей президенті Владимир Путинге қарата айтатыны бар. Ресейде коронавирус індеті күшейген кезде Путин жұрт алдына шықпай, жиналыстарын телеконференциямен өткізіп жүрді. Путин отырған терезесі жоқ кабинетті оппозиция "бункер" деп атаған. Ал Путиннің косметикалық процедура кезінде ботокс салдыратыны жайлы осыдан 10 жыл бұрын Алексей Навальный сөз еткен. Кремль Путиннің ботокс пайдаланатынын растамаған да, теріске де шығармаған.

Телехабар жүргізушісі Евгений Пустовой "Подъём" басылымына берген сұқбатында Владимир Путинді емес АҚШ президенті Джо Байденді меңзегенін айтқан. "АҚШ-тағы сайлау алдындағы бәсеке қызғанда Трамптың Байденге "бетіңізді ботокспен жылтыратып аласыз да, маска тағасызз, сұлулығыңызды жасырып жүрсіз бе?" дегені естеріңізде ме?-дейді ол. (Трамп дәл бұлай айтпаған, бірақ Байден пластикалық операция жасатқан деген еді). Беларусь журналисті Путинді "мықты, келбетті адам" деп санайды және Беларусьтің Ресеймен одақтасқанын қолдайды.

  • Беларусь коронавирус індеті кезінде карантин жарияламаған. Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда бұл елде вакцина алғандар әлдеқайда аз. Былтыр Беларусь билігі коронавирусты жеңдік деп бірнеше рет мәлімдеген, алайда індет туралы, әсіресе тұтқындағы адамдарға зат қабылдарда еске салып тұратын дейді "Неміс толқыны".
  • Кейінгі аптада Ресейде де, Беларусьта да коронавирус қайта ушыға бастаған. "Дәрігерлер мәліметіне қарағанда аурухана коронавируспен ауырғандарға толған. Беларусь азаматтары өз елінде коронавирус тестін тапсырудың қиын екенін, коронавируспен ауырғандар үйіне дәрігерлер келмейтінін айтады" дейді "Настоящее время" телеарнасы.
  • Лукашенко өзге елдердің коронавирусқа қарсы күресін, маска режимін сынап келеді. Вакциналауды сөз жүзінде қолдағанымен, іс жүзінде өзі де салдырған жоқ. Лукашенконың сынынан кейін Беларусь денсаулық сақтау министрлігі қазанның 9-ына енгізілген маска режимін өткен аптада тоқтатқан. Лукашенко маска тақпағандарға, қашықтық сақтамағандарға және вакцина салдырмағандарға қысым жасамауды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG