Интернетті бұғаттауға Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысы жоқ. Бұл жөнінде осы министрліктің министрі Бағдат Мусин Азаттық тілшісіне берген жауабында айтты.
- Интернетті бұғаттау біздің министрліктің құзырына жатпайды. Базалық станцияларды өшіруге құқығымыз жоқ. Интернетті бұғаттай алатын органдар тізімі заңда көрсетілген,- деді ол.
Осыдан екі күн бұрын, 23 қазанда күндіз Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер митингіге шықпақ болған аудандарда интернет ажырап қалған еді. Қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын сол күні алаңға жиналуға шақырған болатын.
Бағдат Мусин интернет бұғатталғаны жайында естімеген боп шықты.
Қазақстанда оппозициялық сипаттағы бейбіт жиындар кезінде интернет бұғатталатыны жиі байқалған.
2020 жылы ақпанда, сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та интернет бұғаттауға өзі басқаратын министрліктің қатысы жоқтығын, ақпарат және қоғамдық министрлігінің байланыс саласындағы құзыры 2018 жылы алынып қалғанын айтқан.
2018 жылы Қазақстан үкіметі әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарының жұмысын тоқтата алатын мемлекеттік органдар тізімін қайта бекіткен.
Үкімет қаулысын түсіндірген сол кездегі министр Дәурен Абаев тізімге ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратура және Қорғаныс министрлігі кіретінін хабарлаған.
ПІКІРЛЕР