Accessibility links

АҚШ Судандағы "әскери төңкерісті" айыптады


Судандағы наразылық.
Судандағы наразылық.

АҚШ Судан әскерінің әрекетін "қатаң айыптайды". АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 25 қазан күні осылай деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге Судан әскерін премьер-министр мен өзге де жетекшілерді босатуға шақырды.

Бұған дейін Суданда әскери топтың үкіметті таратып, саяси жетекшілерді тұтқындап, елде төтенше жағдай жариялағаны хабарланған еді. BBC сайтының жазуынша, жұрт әскердің билікті басып алуына қарсылық білдіріп, көшеге шыққан. Наразылық шарасы кезінде кемінде жеті адам қаза болған, 140 адам жараланған. Әскерилер наразылықты ұйымдастырушыларды қудалап, үйді-үйді аралап, белсенділерді ұстаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің айтуынша, елде төтенше жағдай жариялап, премьер-министр Абдулла Хамдокты ұстаған Судан әскерінің қимылы демократияға бет бұрып келе жатқан мемлекетті бағытынан тайдыруы мүмкін. Ол Хамдок пен азаматтардың ұсталуына жол беруге болмайды деп мәлімдеп, күштік құрылымдар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дереу босатуы тиіс деді.

Генерал Әбдел-Фаттах Бурхан бұған дейін теледидар арқылы жасаған мәлімдемесінде халық пен әскер өкілдерінен жасақталған Суверенді кеңес пен Хамдоктің ауыспалы үкіметін таратып жібергенін хабарлаған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 26 қазанда Судандағы жағдайды жабық есік жағдайында талқылайды.

Жиында БҰҰ-ның Судандағы уәкілі елдегі жағдайды баяндайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG