Accessibility links

Пентагон өкілі "Талибанның" ДАИШ-қа тойтарыс бере алатындығына күмән келтіреді


АҚШ қорғаныс министрінің саясат жөніндегі орынбасары Колин Каль.
АҚШ қорғаныс министрінің саясат жөніндегі орынбасары Колин Каль.

"Талибан" мен ДАИШ ("Ислам мемлекеті") радикалды қозғалыстары бір-бірін "қас дұшпан" көрсе де, "Талибанның" ДАИШ-пен тиімді түрде күресе алуы екіталай. Пентагондағы жоғары лауазымды тұлға осылай деп мәлімдеді.

АҚШ қорғаныс министрінің саясат жөніндегі орынбасары Колин Каль 26 қазанда АҚШ барлау қызметінің мәліметіне сүйене отырып, "Талибан" "Хорасандағы Ислам мемлекетін" ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобының бір тармағы) жоюға ынталы болса да, оның сол мақсатқа жетуі-жетпеуі өзге бір мәселе деп мәлімдеді.

Тамыз айында "Талибан" ауған билігін басып алғалы бері Ауғанстандағы қанды шабуылдардың көбін "Хорасандағы Ислам мемлекеті" тобы мойнына алған. Сейсенбі күні Конгрестің жоғары палатасындағы қарулы күштер жөніндегі комитет отырысында Колин Каль Ауғанстанда ИМ-нің бірнеше мың содыры бар екенін және олардың небәрі алты ай ішінде АҚШ-қа қарсы шабуыл ұйымдастыруға әлеуеті жететіндігін атап өтті.

Ауғанстандағы "Әл-Қаида" экстремистік ұйымының әрекетіне тоқталған Каль "Талибанмен" жымдасқан аталған топ одан да бетер көп мәселе туындатып отыр деді. "Талибан" үкіметінде сыртқы істер министрі қызметін атқаратын Әмір Хан Муттақи бұған дейін "Ислам мемлекеті" тобына тойтарыс беретіндігін айтқан. Ол сонымен бірге Ауғанстан өзге елдерге шабуыл жасайтын қарулы топтардың ордасына айналмайды деп сендіруге тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG