Accessibility links

Вице-министр "кеттлинг" туралы: Қоршаудан шыққысы келгендерге шығуға рұқсат бердік


"Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға ынталы топ мүшелері полиция құрсауында ("кеттлинг") тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
"Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға ынталы топ мүшелері полиция құрсауында ("кеттлинг") тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев 27 қазанда полицияның белсенділерді "кеттлингке" алуына байланысты сұрақтарға жауап берді. Кейінгі айларда мұндай әдіс бейбіт митингіге шығып, пікірлерін айтқан белсенділерге, әлеуметтік талаптарын жеткізген кейбір азаматтарға қолданылып жүр.

Сәрсенбі күні журналистер вице-министрге "полиция азаматтарға кеттлинг жасауын қашан тоқтатады?" деп сұраған кезде шенеунік "әуелі кеттлинг ұғымының мәнін түсініңіздер, біздің қолданған әдісіміз кеттлинг емес, қоршау деп аталады" деді.

"Сіздер айтқан саяси оқиғалар кезінде [адамдардың] қоршаудан шығуына рұқсат бердік. Ол жерде сіздер айтқаннан гөрі жағдай басқаша болды. Кім шыққысы келсе – шықты, кімге медициналық көмек керек болса – көрсетілді. Жұрттың заңда белгіленген құқықтарды бұзуына қатысты [айтарым], құқық қорғау органдары оған жол бермес үшін жұмыс істеп отыр. Жұрт заңды бұзады. Біз [солай жасауға] мәжбүрміз" деді журналистердің сұрақтарына жүре жауап берген вице-министр.

Қазақстанда кейінгі жылдары полиция бейбіт митингіге шыққан бесенділердің шеруін тоқтату үшін "кеттлинг" әдісін жиі қолданатын болған. Құқық қорғаушылар бұл әдістің әу бастан ұлттық және халықаралық заңдарға қайшы екеніне назар аударады. Олардың айтуынша, мұндай шектеу тек тәртіпсіздіктің алдын алу үшін қолдануға рұқсат етіледі. Ал белсенділер кеттлинге алатындай тәртіпсіздік, заңға қайшы нәрсе жасамаған.

Белсенділер полицияны сотқа бергенмен одан нәтиже шықпады.

Полиция белсенділер ғана емес, кейде билікке әлеуметтік талаптарын айтып барған азаматтарға да аталған әдісті қолданады. Мысалы, биыл 25 мамырда полиция баспана мәселесімен Нұр-Сұлтанға шағымданып келген Шымкент тұрғыны мен оның бала-шағасын кеттлингке алып, Ақорда жаққа қарай жылжуына мүмкіндік бермеген.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев белсенділерге кеттлинг әдісін қолданған полицейлердің әрекетін "азаптау" деп есептемейтінін айтқан. Ол биыл маусымда "барлық азаматқа қаласа қоршаудан шығуына мүмкіндік бердік, ас-су ұсындық. Күш қолданылған жоқ. Мұндай шаралар кезінде ылғи жедел жәрдем көліктері тұрады" деген еді. Дегенмен полиция құрсауында болған белсенділер бұған дейін өздерін аязда ас-сусыз, дәретханаға жібермей ұстағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG