Accessibility links

Суданда әскери топ қамауға алған премьер-министр резиденциясына оралды


Хартумдағы наразылық. 25 қазан 2021 жыл.
Хартумдағы наразылық. 25 қазан 2021 жыл.

Суданда әскери төңкеріс кезінде ұсталған премьер-министр Абдалла Хамдук 26 қазанда кешке босатылып, Хартумдағы резиденциясына оралды. Бұл жөнінде премьер-министр кеңсесі хабарлады. Хабарламада Абдалла Хамдук пен әйеліне күзет күшейгені айтылады.

Премьер-министр босатылғаннан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің телефон арқылы Хамдукпен сөйлескені белгілі болды.

Ұсталған өзге министрлердің қайда екені әзірге белгісіз.

Осыған дейін БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш те Хамдукты босатуға шақырған. Ал Судан мәселесі бойынша құрылған "үштік" (АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия) Судан әскерін барлық басшыларды босатуға үндеген.

Судан премьер-министрі 25 қазанда қамауға алынған. Бірнеше сағаттан соң Суверенді кеңестің төрағасы генерал Әбдел Фаттах әл-Бурхан мәлімдеме жасап, екі жыл бұрын авторитар басшы Омар әл-Башир биліктен кетірілгеннен кейін құрылған кеңестің таратылғанын хабарлаған. Ол сонымен бірге үкіметтің таратылып, өтпелі конституциялық декларацияның бірқатар баптарының күші жойылғанын да айтқан. Әл-Бурхан әскерилердің қимылын өтпелі кеңеске мүше әскери топ пен халық өкілдері арасындағы кикілжіңмен байланыстырған.

Осыған дейін Судан әскері елде төтенше жағдай жариялаған. Ал Суданның әскери басшысы демократиялық жолмен өзгерісті қолдайтынын мәлімдеп, 2023 жылы сайлау өткізуге уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG